Мемлекеттік қызметке орналастыру үшін тұлғадан пара бопсалағаны үшін Қырғыз Республикасы Президенті аппаратының ақпараттық саясат бөлімінің меңгерушісі Нұрғазы Анарқұлов ұсталды. Бұл туралы Aikyn.kz Кабар агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Елдің Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі хабарлағандай, президент баспасөз қызметінің басшысы қызметтік өкілдігін асыра пайдаланып, мемлекеттік басқарушы қызметтердің біріне үміткер тұлғадан аса ірі көлемдегі ақшалай қаражатты бопсалаған. Аталған факті бойынша МҰҚК Бас тергеу басқармасы Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 326-бабымен (пара алуға бопсалау) қарастырылған қылмыс белгілері бойынша сот алдындағы тергеу амалдарын бастады.
«2021 жылдың 30 қаңтарында өткізіліп жатқан жедел-тергеу іс-шараларының аясында азамат А.Н.С. ұсталып, ҚР МҰҚК Бас тергеу басқармасына жеткізілді», – делінген хабарламада.