$ 447.4  477.55  4.76

Мешіттерімізде бір жылдық үзілістен соң алғаш рет жұма намазы оқылды

Қауіпсіз "жасыл аймақта" орналасқан мешіттерімізде жұма намазын оқуға рұқсат берілді.
Фото: мүфтият
Фото: мүфтият

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы киелі Түркістан облысына ресми сапармен барды. Сапар барысында Бас мүфти Отырар ауданы Шәуілдір елдімекеніндегі "Есен ана" мешітінде жұма намазын жүргізді деп хабарлайды Muftyat.kz.

Жұма намазға ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы қатысты. Фото: muftyat.kz "Бүгін бір жылға жуық асыға күткен жұма намазын оқуға мүмкіндік алдық. Қауіпсіз "жасыл аймақта" орналасқан мешіттерімізде жұма намазын оқуға рұқсат берілді. Мінеки, сіздердің дұғаларыңыздың арқасында, ортақ пәтуаға бағынған бірлігіміздің нәтижесінде осындай оң шешімнің қабылдануына себепші болдық", – деді жамағатқа насихат айтқан Наурызбай қажы Тағанұлы.

Төраға бүгінде барша әлем жұқпалы індеттің зардабын әлі күнге дейін көріп келе жатқанын еске салды. Оның үстіне, жұма намазын сағынғанын жасыра алмады.

Сонымен қатар ол санитарлық талаптарға аса мән беруге үндеді.

 "Осы ретте сіздерді жұма намазы кезінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Әуелі өзімізді, содан кейін өзгені жұқпалы дерттен сақтайық. Алла Тағала тәртіпке бағынып, ұдайы жұма намазымызды оқуды нәсіп еткей. Раббымыз еліміздегі барлық мешіттің есігін жұма намазға толық ашуды нәсіп еткей! Ұрпағымызды салиқалы еткей. Аса рақымды Хақ Тағала жер бетінін жұқпалы індетті жойып, жақсы күндерде жүздесуді жазғай. Әмин", – деп түйіндеді Наурызбай қажы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#жұма намазы