$ 449.58  486.94  4.86

«Бүгінде ауыл мектептері қаладағы мектептерден еш кем емес» – Бердібек Сапарбаев

Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жаңа жұмыс орындарының санын арттыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, олардың басшыларының есептерін тыңдады. Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен кәсіпорындардың әкімшілігі арасында жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар үшжақты меморандумдарға қол қойылды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шу қаласы қашаннан ірі теміржол торабы ретінде белгілі десек, онда болат жол магистральдарының қызметіне байланысты көптеген салалық кәсіпорындар шоғырланған. Олардың тұрақты жұмысы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік ахуалына да тікелей әсер етеді. Тұрғындардың көпшілігі осы салада жұмыс істеуде. Осыған көңіл бөлген Бердібек Сапарбаев бірінші кезекте ауданның ең ірі теміржол кәсіпорындары болып табылатын «Қамқор» локомотив-жөндеу зауытына және Шу локомотивті пайдалану депосына ат басын бұрды.

Цехтарды аралау барысында «Қамқор» кәсіпорнының директоры Марат Нұрбаев өңір басшысына кәсіпорынның жұмысы, алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Зауыт электровоздарға техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Мұнда барлығы 320 адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар.

- Шу қаласында теміржол колледжі бар, сондықтан біз мамандардың жетіспеушілігін аса сезінбейміз. Тек білікті токарьлар жетіспейді, бірақ мамандарды осы жерде оқыта отырып, бұл жағдайдан шығуға күш салудамыз, - деді М.Нұрбаев.

Жақын арада мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында кәсіпорында артиллериялық қару-жарақ та жөнделетін болады. Қазірдің өзінде цехтардың бірінде дайындық жұмыстары басталып та кеткен.

Шу локомотив пайдалану депосы 1929 жылы құрылған. Бердібек Сапарбаев депо бойынша кезекшілердің қызметтік ғимараттарын қарап, қызметкерлердің жұмыс кестесі мен жұмыс жағдайына, жалақы мөлшеріне ден қойды.

«Қамқор» локомотив жөндеу зауыты мен Шу локомотив пайдалану депосының басшылары өткен жылғы жұмыс қорытындылары туралы есеп берді. Баяндамаларын мұқият тыңдаған Бердібек Сапарбаев қызметкерлерді қысқарту жағдайларының орын алуы, оларды әлеуметтік қорғаудың қандай шаралары қолға алынғандығы туралы сұрады.

- Жамбыл облысы халықтың табысы төмен өңірлердің қатарына жатады, сондықтан кәсіпорындар мен мекемелер басшыларының алдында қызметкерлердің негізсіз қысқартылуына және олардың жалақысының төмендеуіне жол бермеу міндеті тұр. Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жаңа жұмыс орындарының санын арттыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылары және кәсіподақ ұйымы арасында еңбек заңнамасының нормаларын қатаң сақтау, штатты қысқартуға және қызметкерлердің табыс деңгейін төмендетуге жол бермеу туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Бердібек Сапарбаев Шу қаласының тұрғындары мен әлеуметтік нысандарының басым  бөлігін жылумен қамтамасыз ететін «Шу-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына да арнайы барды.

«Шу-Жылу» директоры Руслан Куккузовтың айтуынша, кәсіпорын теңгерімінде 358 нысан бар десек, олардың қатарына 57 көппәтерлі, 226 жеке үй және 19 әлеуметтік нысан кіреді. 2020 жылдан бастап кәсіпорын қазандығы табиғи газбен жұмыс істеуде. Ол үшін үш газ қазандығы орнатылған.

- Жылыту маусымы штаттық режимде, үзіліссіз өтуде. Кедергі келтіруі мүмкін барлық мәселелер дайындық жұмыстары сатысында жойғанбыз, - деді Руслан Куккузов.

Өткен жылдың күзінде Алға ауылындағы Амангелді атындағы мектептің жаңа ғимараты  пайдалануға берілген-ді. Жиырмасыншы ғасырдың ортасында іргесі қаланған оқу орнының ескі ғимараты апатты деп танылған болатын. Жергілікті тұрғындар бірнеше рет аудан, облыс басшылығына ауылда жаңа мектеп салуға сұраныс білдірген десек, бұл мәселе 2020 жылы толығымен шешіліп, жүзеге асты.

Бүгінгі таңда мектепте 343 оқушы білім алуда. Тек оқыту үшін ғана емес, сонымен қатар, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, қалаған спорт түрлерімен айналысу үшін де барлық жағдай жасалған.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаеваның айтуынша, «Түлек.кз» жобасы аясында   бұрынғы түлектер мектепті безендіруге демеушілік  көрсеткен. Бердібек Сапарбаев кең кабинеттерді, спорт зал, асхана және басқа да орындарды аралап, көңілі толатынын білдірді.

- Бүгінде ауыл мектептері қаладағы мектептерден еш кем емес, тіпті кейде жабдықталуы жағынан олардан да асып түсіп жатады. Құрылыс компаниясы өз жұмысын сапалы орындағанын байқап отырмыз. Безендіруге баса назар аударылғаны қуаңтады. Бұл оқушылардың оқуға деген ынтасын арттырады деп ойлаймын. Енді бәрін осы қалыпта сақтап ұстаған абзал. Ол үшін қазірден оқушыларға тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Біздің балаларымызды жастайынан еңбекке, оқуға, мәдениеттілікке, қоршаған ортаға құрметпен қарауға баулу өте маңызды, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Мүбарак Жинақбаеваның айтуынша, бұған дейін ауданда төрт апатты мектеп болған. Екі жаңа мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы тағы бір мектептің құрылысы басталды. Ал, Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектептің үш қабатты екі жаңа ғимаратының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберіліпті. Осылайша, жақын арада аудандағы апатты мектептер мәселесі толығымен шешімін тапппақ.

Облыс әкімінің жұмыс сапары одан әрі Мойынқұм ауданында жалғасты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары