Жаңалықтар 12.02.2021 сағат 09:40

«Бізде министрлерді түрмеге отырғызу үрдіске айналып кетті» - Жақсыбек Құлекеев (ВИДЕО)

"Біртанов та мен сияқты саяси жүйенің құрбаны", - дейді экс-министр.
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қазақстанның бұрынғы Экономика, Білім және ғылым министрі болған, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ын басқарған Жақсыбек Құлекеев Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында елдегі сот жүйесіндегі кемшіліктер туралы айтты. Осы ретте ол бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты "жала жабылып кеткен саяси жүйенің құрбаны" деп атады, деп хабарлады Skifnews.kz ақпаратттық порталы paryz.kz-ке сілтеме жасап.

"Елжан – үлкен ақпараттық жүйені денсаулық сақтау саласына енгізді. Саладағы мекемелер қызметі үлкен өзгерістерге ұшырады. Қазір жеке куәлігің болса, кез келген қалада клиникадағы барлық ақпаратты шығарып алуға болады. Бұл - реформалардың басы. Бұл жүйені жүзеге асыруға Біртанов "Эрикссон Тесла" деген әлемге әйгілі компанияны жалдаған. Дүниежүзілік банк қаржыландырған. Олар өзінің жұмысын істеп, қабылдау алуға мемлекеттік комиссия құрылып, оң бағасын берген. Компания жүйенің жұмысына 1 жылдық кепілдік беріп, министрлік 3 млн доллар қаражатты төлемей қоя тұрған. Ал құқық қорғау органдары "жүйе толық жұмыс істемейді, демек ақшаны талан-таражға салған" дейді де, министрді қамап тастайды. Жүйе толық жұмыс істемегенімен, компанияның кепілдігі бар ғой, келісімшарт бойынша 1 жыл ішінде бәрін орнына келтіруге мүмкіндік болды", - дейді Жақсыбек Құлекеев.

Оның айтуынша, екіжақты келісімшартқа әлі үшінші жақтың араласатын жөні жоқ. "Министр актіге қол қойып, ақша аударғаны үшін түрмеге отыра беретін болса, кімнің министр болғысы келеді?" деген пікірде ол. Ал жүргізушінің "Сіз Біртановты өзіңіз секілді саяси жүйенің құрбаны деп есептейсіз бе?" деген сұрағына: "Иә, солай деп есептеймін, ол солай сияқты да" деп жауап берді.

Құлекеев бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталуын да күмәнді деп санайды. Оның пікірінше, сот саяси жүйеге тәуелді болмаған кезде ғана кінәсіз лауазымды тұлғаларды ақтап алуға болады.

"Бізде министрлерді түрмеге отырғызу үрдіске айналып кетті. Бүгін біреуін, ертең біреуін ұстап, шуылдата берсек дейді. Олай болмайды. Егер біз министрді түрмеге отырғызатын болсақ, соның себебін жан-жақты талқылап, бұдан кейін екінші министрдің отырмауына барынша жағдай жасауымыз керек. Олардың мейлінше түрмеге түспеуінің, оларды қорғаудың жолын қарастыруымыз қажет. Олар мемлекет мүддесі үшін кейде әртүрлі шешімдер қабылдайды. Шешімнің бәрі жеке басына пайда табу үшін қабылданбайды. Мемлекеттің заңы үлкен билікте жүрген азаматтар теріс шешім шығарып, оны түрмеге түсіретін болса, онда ешкім еркін қимылдай алмайды. Яғни, батыл қимылдай алмаса, шешім қабылданбаса, қоғам алға жылжымайды. Бұл - қоғамның дамуына тұсау. Сондықтан басшылық қызмет - мемлекеттің ең үлкен міндеттерінің бірі", - деп пікір білдірді экономист.

Еске сала кетсек, Жақсыбек Құлекеев "Қазақстан темір жолы" компаниясын басқарған тұста, яғни 2008 жылдың 1 сәуірінде 100 мың доллар көлемінде пара алды деген айыппен қамауға алынған болатын. Қызмет бабын асыра пайдалана отырып жасаған заңсыздықтары үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар