11.08.2016, 04:35

Ердоған АҚШ-қа Түркия мен Гүлен арасында таңдау жасауды ұсынды

АҚШ-қа Түркия мен оппозициялық діндар, FETO ұйымының жетекшісі Фетхулла Гүлен арасында таңдау жасауына тура келеді. Бұл туралы Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған 10 тамыз күні мәлімдеді деп жазады РИА Новости. Гүленді ресми Анкара өткен айда орын алған төңкеріс әрекетін ұйымдастырды деп айыптауда.

«Ертелі-кеш АҚШ-тың таңдау жасауына тура келеді Түркия немесе FETO. Төңкерістер жоспарлап жүрген террористік FETO немесе демократиялық Түркия. Олар енді осы екеуінің бірін таңдауы тиіс», — деді ердоған өз жақтастары ұйымдастырған митинг кезінде.

4 тамыз күні The Wall Street Journal хабарлағандай, АҚШ билігі түркиялық елшілердің Гүленге қатысты келтірген дәлелдеріне көңілдері толмаған көрінеді. Діндарды Стамбұл мен Анкарада орын алған төңкеріс әрекеттерін ұйымдастырды деген Анкара АҚШ-тан оны қайтаруды талап еткен болатын.

Фетхулла Гүлен болса өзіне тағылып жатқан осынау айыптардың бірде-бірін мойындаған жоқ. Ол Түркияда әділ соттың жоқ екенін де алға тартып отыр.

Естеріңізге салайық, Түркиядағы төңкеріс әрекеті 16 шілде күні орын алған болатын. Билікті басып алмақ болған әскерилер ауыр артиллериямен маңызды нысандарды шабуылдап, салдарынан барлығы 238 адам қаза тапты. Дегенмен, көтерілісшілер көздеген мақсаттарына жете алмай, төңкерісті халықтың өзі басып тастады.