Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Жаңатас қаласында болған өрттен 5 баланың қаза табуына байланысты Facebook-тегі парақшасында көңіл айтты, деп хабарлады paryz.kz.
"Жамбыл облысының Жаңатас қаласында тілсіз жаудың салдарынан болған қайғылы оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Қаза болған сәбилердің ата-аналары мен жақындарына орны толмас ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қайғы бөліссе азаяды. Сондықтан дәл қазір бес бірдей бүлдіршінінен қапыда айырылған ата-анаға демеу болып, қолдау көрсетудің маңызы зор. Балалардың жандары жәннатта болсын", - деді Сенат төрағасы.
Оны "Түркістан" газеті жариялап, желідегі топқа бөліскені сол-ақ екен, Әшімбаевтың "Ашаршылық тақырыбын саясиландырмаған абзал" деген мәлімдемесін көңілге ауыр алып қалған көпшілік оған дүрсе қоя берді. Тіпті, Аққұмжа Байлы атты желі қолданушы:
"Қайдам, сенбейміз. Қабырғасы 4 млн қазақтың өліміне қайыспаған, мына жағдайда қайдан қайыссын?!" - деп салды.