15.08.2016, 22:26

ОҚО-да бала ұрлаған қарт әйелге сот үкімі шықты

6 жасар Мұхаммед Қылышбек биыл ақпан айында із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Оны соңғы рет мектептегі сыныптастары мен такси жүргізушісі көрген. Бәрі де 1-сынып оқушысын жасы егде тартқан әйелдің мектептен алып кеткенін көріпті. Алайда, туысы шығар деп мән бермеген.

Кішкентай баланы полицейлермен бірге ондаған ерікті азамат та іздеген болатын. Бала жоғалған Ордабасы ауданы мен Шымкент қаласы аралығын түгелдей сүзіп шыққан тәртіп сақшылары он күндей М.Қылышбекті таба алған жоқ. Дегенмен, шұғыл іздеу жұмыстары барысында жоғалған бала мен оны ұрлаған алпыстағы әйел Арыс қаласынан табылды. Бүлдіршін дін-аман. Ал, бірнеше ай тергелген Балжан Орақбаева болса бүгін қоныс колониясына аттанды. Сот оны 7 жылға бас бостандығын шектеп отыр.

Тергеу барысында Орақбаева 3 жыл бұрын да Шымкент қаласында мектеп оқушысын ұрлап кеткенін айтып берген. Ол кезде де оқушыны бірнеше күн үйінде ұстаған ол қыз жылай берген соң жібере салыпты. Ал бірнеше күн бойы ұрланған ұлын іздеген жәбірленуші тараптың өкпесі әлі басылмаған сыңайлы. Олар әйелді де, кешірім сұрап келген оның туыстарын да кешірмейтінін мәлімдеді.