$ 494.87  520.65  4.91

ҚазҰУ-не тиесілі жер кімге берілгені анықталуы мүмкін

Берік Дүйсенбинов атап өткендей, жер мәселесі тек бұл университетпен ғана шектеліп отырған жоқ.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Ақ жол" фракциясының депутаты Берік Дүйсенбинов жоғарғы оқу орындарының жекеменшік жерлеріне қатысты депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.

Дүйсенбинов атап өткендей, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жер аумағы белгісіз себептермен азайып қалған және осы мәселе қоғамды алаңдатып отыр.

Жер құқығы бойынша сарапшы, заңгер Бақытжан Базарбектің мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылғы 30 қаңтардағы Алматы қаласы әкімінің қаулысына сәйкес Университеттің пайдалану құқығына жалпы көлемі 73,26 гектар жер берілген. Ал, 2017 жылы 2 қазанда Алматы қаласы әкімінің № 4/392-22-36 деген қаулысына сәйкес ҚазҰУ-нің жалпы жері үлестерге бөлініп, жер көлемі 72,48 гектар болып шықты. Соның ішінде ҚазҰУ-нің тікелей үлесін алатын болсақ, ол – 71,40 гектар жер, яғни, оқу орнының жалпы жер көлемі 1,8 гектарға азайғанын байқаймыз, - дейді депутат.

"Университетке тиесілі жер көлемі неге азайған?" деген сұраққа ешқандай уәкілетті орган нақты жауап бермеген. Берік Дүйсенбинов атап өткендей, жер мәселесі тек бұл университетпен ғана шектеліп отырған жоқ.

Еліміздің әр аймағында жоғарғы оқу орындарының жер телімдерінің жеке меншікке сатылып жатқанын, студент жастар тұратын жатаханалардың азайып, Университет меншігіндегі оқу процестерін қамтамасыз ететін қосымша жылжымайтын мүлік обектілерінің саудаға салынып жатқанынан бұқаралық ақпарат құралдарынан және барлығын көріп-біліп отырған елдің аузынан естіп жүрміз. Мысалы, Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің бас ғимаратынан он қадам қашықтықта орналасқан өндірістік шеберхана бүгінде ойын-сауық орнына айналған, - деді депутат.

Аталған мәселелердің маңыздылығын баяндаған "Ақ жол" фракциясының депутаттары біріншіден, Қазақ Ұлттық университетіне тиесілі жер аумағынан жер учаскелерінің бөлініп шығарылғаны қаншалықты заңды екенін тексеріп, заңсыздық орын алған жағдайда жауапты адамдарды жауапқа тартуды, екіншіден, осындай тексеруді облыстарда орналасқан жоғарғы оқу орындарында да жүргізіп, нәтижесін бізге хабарлауды талап етті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары