$ 494.87  520.65  4.91

«Мазақтаған адам өзі сондай»: Ақ үй әкімшілігі Ресей билігіне айып тақты

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ақ үй әкімшілігі келесі аптада сайлауға араласқаны үшін Ресейге санкциялар салмақ.

АҚШ пен Ресей арасындағы байланысқа сызат түсті. 16 наурызда АҚШ барлау қызметі өткен жылғы президенттік сайлауға шетелдердің араласуы жөнінде баяндаманы жариялады. Оған сәйкес, Владимир Путин және Ресейдің бірқатар үкіметтік ұйымдары Джо Байденді әшкерелеп, сайлау үрдісіне қоғамның сенімін кетіруге тырысқан көрінеді. Бұл туралы 24kz хабарлады. 

17 наурызда Джо Байден «Эй-Би-Си» телеарнасына берген сұхбатында «Владимир Путинді «баскесер» деп есептейсіз бе?» деген сұраққа «иә» деп тіл қатты. Сондай-ақ ол американдық сайлауға араласқаны үшін Ресей басшылығын жазалайтынын ескертті. Владимир Путин де АҚШ президенітің бұл сөздерін жауапсыз қалдырған жоқ.  

Ресей билігінің нұсқауымен бұл ұйымдар Байден отбасы Украинада жемқорлыққа батты деген мәліметті таратып келді. Ал бұған өз қатысы барын жасыру үшін ақпаратты Украина азаматтарының көмегімен таратқан.

Баяндамада көрсетілген осы деректер жарияланғаннан кейін көп ұзамай АҚШ президенті Ресейдің бұл әрекеті жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді. 

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ақ үй әкімшілігі келесі аптада сайлауға араласқаны үшін Ресейге санкциялар салмақ.   

 «Бұрынғы әкімшілікпен салыстырғанда Ресейге қатысты біздің ұстанымымыз өзгереді. Президент сұхбатында мұны айқын жеткізді. Арамызда туындаған мәселелер бойынша нақты жауап сұраймыз. Сонымен қатар бірлесіп жұмыс істей алатын салалар да бар. Бұған үлгі ретінде Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақ жөнінде жасаған жаңа келісімді келтіруге болады. Бірақ қарым-қатынасымыз өзгеше болады. Бізді алаңдатқан сауалдар жөнінде президент айтқандай, Ресей өз әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылады», - деді Ақ үй әкімшілігінің баспасөз хатшысы Джейн Псаки.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «бұл негізсіз айыптау» дейді.

«Осы баяндаманың елімізге қатысты жасаған қорытындысымен келіспейміз. Ресей 2016 және 2020 жылдары АҚШ-та өткен сайлауға араласқан жоқ. Сондықтан бұл баяндаманы теріс деп санаймыз. Ешбір негізі жоқ және нақты дәлел келтірмеген», - деді РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

17 наурызда Джо Байденның «Эй-Би-Си» телеарнасына берген сұхбаты жарық көрді. Ол «Владимир Путинді кісі өлтіруші» деп санайсыз ба деген сауалға «иә» деп жауап берген. Бұл сөздерін әлемнің барлық ірі ақпарат құралдары таратты. Осыдан кейін Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ-тағы елшісі Анатолий Ивановты шақыртып алды. Владимир Путин де бұл сөздерін жауапсыз қалдырған жоқ.

 «Не деп жауап берер едім? Сау болыңыз дер едім. Оған денсаулық тілеймін. Бұл - әзіл емес. Екіншіден, осы тақырыпты кеңінен талқыласақ, әр халық пен мемлекеттің тарихында талай ауыр және қанды оқиғалар болған. Бірақ өзге адамдарды, тіпті халықтар мен мемлекеттерді бағалағанда айнаға қарағандай боламыз. Онда өзімізді көреміз. Білесіз бе, бала кезімді еске алдым. Аулада бір-бірімізбен дауласқанда, «мазақтаған адам өзі сондай» дейтін едік», - деді РФ президенті Владимир Путин. 

Путин Байденді тікелей эфирдегі пікірталасқа шақырды Сондай-ақ Владимир Путин Джо Байденге тікелей эфирде пікірталас өткізуді ұсынды. Ресей басшысы АҚШ Президентімен екі жақты қарым-қатынасты, стратегиялық мәселелер мен адамзат үшін маңызды басқа да түйткілдерді талқылағысы келетінін білдірді. 

«Дәл қазір не ойлағанымды айтайын: өткенде президент Байден телефонмен сөйлесу бастамасын көтерді. Ал мен Байденге пікірталасты жалғастыруды ұсынғым келеді, бірақ екіжақты ашық әңгімені тікелей эфирде өткізсек деймін», - деп жауап берді Путин. 

Ақ үйдің хабарлауынша, әзірге Байденнің қолы бос емес.

АҚШ билігі бұл ұсынысқа әзірге жауап берген жоқ. Президент Әкімшілігі Ақ үй басшысының қолы бос емес екенін жеткізді. Ал 18 наурызда Ақ үй әкімшілігі Ресейдің өзге қимылы үшін санкциялар ауқымын кеңейтті. Алексей Навальныйды уландыру әрекеті үшін қару-жарақ экспорты мен импортына және қорғаныс мақсатында қолданылуы мүмкін технологиялармен бөлісуге тыйым салды.

Айта кету керек, АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, өткен жылғы сайлауға Иран да араласқан екен. Ислам Республикасы керісінше Дональд Трамптың қайта сайлануына жол бермеуге тырысқан. Бұл мақсатта әлеуметтік желілерде коронавирус індетіне қарсы күрес тиімсіз өтіп жатқаны, АҚШ-тағы экономикалық қиындықтар мен жаппай тәртіпсіздік туралы ақпарат таратыпты.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары