$ 449.58  486.94  4.86

25 жылдыққа — 25 игі іс: шымкенттіктер 100 литр қан тапсырды

Оңтүстік Қазақстан облысында «25 жылдыққа — 25 игі іс» акциясы аясында қан тапсыру шарасы өтті. Шымкенттегі облыстық қан орталығында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына «Өзгеге өмір сыйла» акциясы өтті.

Оған облысымыздың белсенді жастары мен полицейлері, спортшылар мен мәдениет майталмандары және мешіт имамдары, сондай-ақ, қала тұрғындары қатысты. Жалпы, бұл күні 200-ден астам азамат келіп, 100 литрдей қан тапсырды.

Мәселен, қан тапсыруға алғаш рет келген спортшы, «Қазақстан барысы» сайысына қатысушы Нұрсұлтан Мыңғышев осынау игі іске өзінің де атсалысып, өзгенің өмірін сақтап қалуға үлес қосып жатқанына дән риза. Тәуелсіздіктің төл құрдасы бүгінгі медицина мекемесіндегі соңғы заманауи құрылғыларды көріп, бұл да болса егеменді еліміздің ширек ғасырдағы жеткен жетістігі екеніне куә болды.

Ал «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің жетекшісі Ботагөз Ізтілеудің сөзінше, облыстағы белсенді жастардың бұлайша қан тапсыруы дәстүрлі шараға айналған. Бүгінгі шараға қатысқан 40 шақты белсенді жас қан тапсыру арқылы өзге біреудің өмірін сақтауға себепші болса, бұл азаматтық парызының орындалғаны деп есептеуге болады.

Негізінен, 18 жастан асқан, денсаулығы дұрыс, қайырымды, ең бастысы, адам өмірін сақтап қалуға көмегін беруге дайын кез келген азамат донор ретінде қан тапсырып, дәрігерлерден кеңес ала алады. Қан құю арқылы ғана өмірді сақтап қалуға болатын ауру түрі өте көп. Бұған гемофилия, қан аздығы, бауыр қатерлі ісігі пен күйік алу т.б. дерттерді қосуға болады. Аяқасты апат жағдайында немесе күрделі операция кезінде донор қанын құю қажеттілігі де жиі кездеседі. Әсіресе, донор қаны босанған ананың өмірін сақтап қалуға өте жиі қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары