Оңтүстік Қазақстан облысында 25 жылдыққа – 25 игі іс акциясы жалғасып жатыр. Аталған шара аясында Шымкент іргесіндегі жасыл белдеуге 25 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды.
"Жастардың қоршаған ортаға деген сүйiспеншiлiгiн арттыру, туған елге, туған жерге деген патриоттық сезiмiн ояту жолында Бадам орман және жануарлар әлемiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк мекемесiнiң тындырған тiрлiктерi аз емес. Соның бiр дәлелi ретiнде биыл аталмыш мекемеге қарасты Ордабасы орманшылығының Бөген учаскесiнде ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай 60 гектар жерге 25 мың түп алма ағашының 5 сұрпы отырғызылған болатын. Бұл күндерi жасыл желек жайқалып, қоршаған ортаның көркi болып тұр. Бұл, әрине, табиғатқа деген жанашырлық көзқарастың арқасы", - дейді Бадам орман және жануарлар әлемiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк мекемесiнiң орманды молайту инженерi Д.СӘРСЕН.
Қоршаған ортаны ластамай, экологиялық қалыпты жағдайды бүлдiруге жол бермесек, жұмыс та жүйелi жүредi. Азаматтарға экологиялық бiлiм берiп қана қоймай табиғатты қорғауға тәрбиелеу – бүгiнгi күннiң кезек күттiрмейтiн мәселелерiнiң бiрi.
Айта кетейік, облыста Тәуелсіздік 25 жылдығына орай бірқатар ауқымды шаралар қолға алынған. Атап айтар болсақ, жыл соңына дейін 25 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, осыдан бірер апта бұрын қала тұрғындары арнайы денсаулық акциясына қатысып, 100 литрден астам қан тапсырды.