Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы сапармен келіп, бірқатар құрылыс нысандарын аралаған Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман Шымкентте салынып жатқан баспаналардың санымен бірге сапасын да тексеріп көрді.
Халық қалаулысы үйлердің ең бірінші кезекте мұқтаж жандарға берілу керектігін де айтып отыр.
«Баспанамен қамту мәселесiн шешу – жергiлiктi әкiмдiктердiң маңызды мiндеттерiнiң бiрi. Мемлекет бұл бағытқа қомақты қаржы бөлiп отыр. Бiр ғана Шымкент қаласында жыл сайын мыңдаған пәтерлердiң пайдалануға берiлiп жатқаны соның айғағы. Ендi тек құрылыстың сапасы мен мерзiмiнде аяқталуын бақылап, баспананың ең мұқтаж жандарға бiрiншi кезекте бiрiлуiн қадағалау қажет», - дейді депутат М.Ерман.
Айта кетейік, Парламент өкілі «Өңiрлердi дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Шымкент қаласында салынып жатқан «Адия» тұрғын үй кешенiнiң құрылысымен танысқан болатын.
Iссапар барысында халық қалаулысы Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында салынып жатқан 300 орынды жалпы орта мектептiң де құрылысын өз көзімен көріп қайтты. Айтулы білім ордасы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілмек.
«Экономикалық дағдарысқа қарамастан мемлекет әлеуметтiк салаға ерекше назар аударып отыр. Айталық, 2017 жылға дейiн өңiрлердегi апатты және үш ауысымды мектептердiң мәселесi толықтай шешiлмек. Мұның барлығы халықтың игiлiгi үшiн қолға алынған жұмыстар», – дедi Мұхтар Тiлдабекұлы.
Сондай-ақ, Мәжiлiс депутаты Сайрам ауданы Манкент ауылындағы О.Құрбанов өндiрiстiк кооперативiнде шаруалармен және диқан қауыммен кездестi.