$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды

Бүгiнде республикада еттi-майлы, биязылау және биязы жүндi қой тұқымдарын асылдандыру бойынша палата құрылуда. Бұл жөнiнде «Қой тұқымдары бойынша құрылған республикалық палатаның жұмысын, мақсаты мен мiндетiн түсiндiру» тақырыбында өткен мәжiлiс барысында айтылды. Шымкент қаласындағы «Тассай бiлiм тарату орталығында» өткен жиынға ғалымдар, аудандар мен қалалардың ауыл шаруашылығы бөлiмдерiнiң мамандары мен қой өсiрушi жеке және заңды тұлғалар қатысты.

Палата асыл тұқымды қойларды өнiмдiлiк бағыттары бойынша ақпараттық селекциялық асылдандыру базасына есепке алу және тiркеудi ұйымдастырып, селекциялық асылдандыру бағыттарын реттейдi. Қойлардың тұқымдық құндылығын анықтайды және тиiстi куәлiк бередi. Шет елден әкелiнген асыл тұқымды қойларға берiлген куәлiктi растайды. Сонымен қатар, асыл тұқымды қойларға бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс бередi.

Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, облысымызда бүгiнгi таңда 4 430 000 қой бар. Оның 440 мыңы – қазақтың қылшық жүндi қойы, 43 мыңы – қаракөл, 35 мыңы – биязы жүндi қой. Қазақы қой облыстың барлық аудандарында өсiрiледi. Ал, қаракөл қой тұқымы Түркiстан қаласы, Отырар, Созақ, Мақтаарал аудандарында өсiрiлсе, биязы жүндi қой Қазығұрт, Сарыағаш, Төлеби, Түлкiбас аудандарында көп.

Сонымен қатар, соңғы жылдары жергiлiктi ғалымдардың селекциялық жұмыстарының арқасында жаңадан «Ордабасы» қой тұқымы шығарылып, бүгiнгi таңда өңiрдiң барлық аудандарына таратылуда. Бүгiнде осынау асыл тұқымды қойдың саны 96 мыңға жеттi.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары жиынға қатысушыларға ҚР «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңына енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларды түсiндiрдi. Заңға сәйкес, «асыл тұқымды шаруашылықтың» орнына «асыл тұқымды мал шаруашылығы» сөзi қолданылады.

Айта кетейік, биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруа қожалық иелеріне мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары