$ 494.87  520.65  4.91

ІІМ «Қазақстандағы қауіпсіз қоғамдастықтар» халықаралық форумын ұйымдастырды

Сыбайлас жемқорлық, полиция қызметкері тарапынан бопсалау фактісіне тап болған жағдайда ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік қызметіне де жүгінуге болады.
Фото: almaty.tv
Фото: almaty.tv

Нұр-Сұлтанда наурыз айында ЕҚЫҰ және ІІМ Бағдарламалар офисінің басшылығы ұйымдастырған "Қазақстандағы қауіпсіз қоғамдастықтар" бірінші халықаралық форумы өтті. Форумға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, бизнес пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жаңалықты ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Біз қауіпсіздік мәселелерін шешуде тәжірибе алмастық, шет елдердің, атап айтқанда Австрия, Аргентина, Ұлыбритания, Канада, Франция және АҚШ сервистік полициясының түрлі үлгілерімен таныстық. Полиция қызметін дамытудың жаңа трендтерін талқылап, қоғамды құқық бұзушылықтардың алдын алуға тарту тәжірибесін бөлісті», - деп мәлімдеді Тұрғымбаев.

Оның сөзінше, озық практикалар Қазақстанның ІІМ жүйесін реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде ескеріледі.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында полицияға сервистік модельге, яғни азаматтардың өтініштеріне ден қоюға және оларды қауіпсіздік проблемаларын анықтауға тартуға басты назар аударылатын форматқа көшуді тапсырды. Бүгінгі біздің мақсатымыз – халықпен өзара іс-қимыл жасап, қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен табыстарға жету», - деді ведомство басшысы.

Белгілі болғандай, реформалаудың негізгі құралы ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы болды.

Ол штаттар мен полиция құрылымын оңтайландыруды, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыруды, полиция қызметін бағалаудың жаңа критерийлерін енгізуді, ведомстволық білім беруді жаңғыртуды және халықпен жұмыс істеудің заманауи форматтарын көздейді.

«Жол картасы аясында біз ЕҚЫҰ-мен бірлесіп Қарағанды облысында жергілікті полиция қызметінің жұмысына сервистік үлгіні енгізу бойынша пилотты сынақтан өткіземіз. Бірақ халықтың сеніміне ие қазіргі заманғы, технологиялық ішкі істер органдары жүйесін құруда біздің жүргізген жұмысымыз жеткіліксіз. Мақсатқа қол жеткізу үшін басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық деңгейде бірқатар өзгерістер енгізу қажет», - деп толықтырды ішкі істер министрі.

Оның сөзінше, бүгінгі алаң қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында жаңа идеялар мен тәсілдерді іздеу мақсатында мүдделі тараптар арасындағы диалогты қалыптастыру үшін негіз болады. 

«Сарапшылық қоғамдастыққа, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, ЕҚЫҰ бағдарламалары офисіне жемісті ынтымақтастық және осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Ішкі істер министрлігі өзара іс-қимыл үшін әрдайым ашық және қоғамнан үлкен қолдау күтеді», - деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полицияда "өз ісіне берілген, дайындық деңгейі жоғары адамдар қызмет етуі тиіс" деп атап өтті. Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлаудың қазіргі жүйесі қайта ойлауды талап етеді, өйткені қазіргі қоғам полиция қызметкерінен білімді, өз білімін құқық қорғау қызметінің әртүрлі салаларында қолдана білуді, жоғары мәдени деңгейді күтеді. 

Соған байланысты ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасының тоғыз негізгі бағытының үшінші бөлігі кадрларды іріктеу және даярлау, ведомстволық білім беруді жаңғырту болып табылатыны кездейсоқ емес.  Президент тапсырмасынан кейін ведомстволық білім беруді дамытуға маңызды назар аударылып, жаңа форматтағы кадрлар даярлаудың іргетасы қаланатын болды.

Ерлан Тұрғымбаев М.Есболатов атындағы Алматы академиясының жеке құрамымен кездесу барысында дәл осы мәселелер талқыланды. Академияға сапар екі жаңа факультеттің ашылуына орайластырылған еді. 

Осылайша, академия ішінде басшылық құрамды дайындау факультеті және орта басшы құрамды дайындау факультеті ашылды. 

«Қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келетін жоғары білікті қызметкерлерді даярлау Алматы Академиясы қызметінің басым бағыты болады. Полиция басқармаларының бастықтары мен олардың орынбасарларынан бастап өңірлік полиция департаменттерінің бастықтарына дейінгі басшы құрам лауазымдарына барлық тағайындаулар, сондай-ақ президенттік кадр резервіне кандидаттарды енгізу көрсетілген факультеттерде оқудан және біліктілігін арттырудан өткеннен кейін ғана жүргізілетін болады», - деді сол кезде ішкі істер министрі.

"Елдегі қазіргі жағдай құқық қорғау органдарына жаңа талаптар қояды, олар азаматтардың сұраныстарына жауап беруі керек", - деп Қазақстан президенті 2020 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында полиция реформасы бойынша нақты міндеттер қойды.

Министрлік алдында тұрған міндеттердің бірі заманауи, технологиялық, азаматтардың сеніміне ие Ішкі істер органдары жүйесін құру болып табылады. Бүгін "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында ресми түрде халыққа ыңғайлы жаңа сервис - "102" мобильді қосымшасын іске қосылды. Тәулік сайын полицияның жедел басқару орталықтарының операторлары 102-арнаға келіп түскен 10 мыңға жуық хабарламаны өңдейді.  Ішкі істер министрлігінің "102" мобильді қосымшасы оқиға орнынан қысқа хабарлама, сондай-ақ фото, видео жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бейне қоңыраулар жасауға болады. Бұл ретте қоңырау шалушының орналасқан жері анықталады, ал ЖБО операторлары не болып жатқанын көре алады және дереу тиісті ден қою шараларын қабылдай алады.

Қосымша арқылы сыбайлас жемқорлық, полиция қызметкері тарапынан бопсалау фактісіне тап болған жағдайда ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік қызметіне де жүгінуге болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары