$ 498.34  519.72  4.85

Кентауда электр жүйесiне қажеттi құрал шығаратын зауыттың жұмысы қарқынды

Кентау қаласының индустриялық аймағына орналасқан «ЮгЭлектроПривод» ЖШС моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберiнде 2015 жылдың желтоқсан айында iске қосылды. Зауыт ток және кернеу ажыратқыштарын, электр қуатын өлшейтiн құралдар, вакуумды ажыратқыштар шығару өндiрiсiн жолға қойып та үлгердi. Кәсiпорын құрылысына 828 миллион теңге тартылды. Енді тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында зауыттың жұмысы жаңа қарқынға шығып отыр.

Зауыт жылына 8820 дана электр жүйесiне қажеттi құрал шығара алады. Қазiр мұнда 35 адам тұрақты жұмысқа тартылған.

– Кәсiпорын «ЭКСПО–2017» көрмесi қарсаңында ашылды. Қазақстан бойынша баламасы жоқ зауытымыз трансформаторлар өндiрiсiне, электрлендiру жүйесiне қажеттi құрал-жабдықтар шығарады. Сонымен қатар машина құрастыру саласы бойынша да жаңа бөлшектер жасаймыз. Жобаны iске асыруда мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлдi. «Бизнестiң жол картасы–2020» бағдарламасы аясында банктен пайыздық мөлшерлемесi төмен субсидия алдық. Елбасымыз Н.Назарбаев кәсiпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетiп келедi. Сондықтан Президентке айтар алғысымыз шексiз. Қазiр бiздiң өнiмдерге Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен тапсырыстар түсуде. Сондай-ақ, тауарларымызды Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркiменстан мемлекеттерiне экспорттаймыз. Олардан да тапсырыс түсе бастады, – дейдi «ЮгЭлектроПривод» ЖШС директоры Жасур Абдураймов.

Өндiрiс орны заманауи жаңа технологиялармен қамтылған. Қажеттi аппараттар мен құрылғылар түгелдей шетелдерден әкелiнiптi. Олардың көбi автоматты түрде басқарылады. Мұнда бiр адамның өзi бiрнеше аппаратты қадағалай алады. Сұранысқа қарай өнiм көлемiн ұлғайту және талапкерлердi жаңа мамандыққа оқыту, сөйтiп жастарды жұмысқа тарту көзделiп отыр.

Айта кеткен жөн, вакуумды ажыратқыштар бұрын-соңды Қазақстанда жасалынған емес. Сондықтан, өнiмдерге сұраныс та үлкен болары сөзсiз. Зауыт қазiрдiң өзiнде жергiлiктi бюджетке салықты уақтылы құйып отыр. Олардың ендiгi көздегенi «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесiне лайықты тартулар әзiрлеу.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары