$ 498.34  519.72  4.85

Елорда 21 күн бойы қызыл аймақта тұр

Қала басшысы барша тұрғынды сақ болуға шақырды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласы 21 күн бойы «қызыл» аймақта тұр. Соңғы уақытта коронавирус жұқтыру жағдайы тәулігіне 400-ге жуықтады. Балалар мен зейнеткерлер арасында инфекция жұқтыру жиіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.

Әкімнің айтуынша, инфекциялық стационарлардағы төсек-орын жүктемесі 65%-ға жеткен. Тұрғындарды ПТР-зерттеумен қамту үшін 24 зертхана жұмыс істеп тұр. Олардың тәуліктік қуаты - 12 мыңнан астам.

«Медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары, мұғалімдер, еріктілер мен басқа да қала тұрғындары – коронавируспен күресте бір жылдан астам уақыт бойы алдыңғы шепте келеді. Өкінішке қарай, кейбір қала тұрғындары коронавирусты жеңе алмады. Күн сайын науқастар реанимацияға түсіп жатыр. Көпшілігінің денсаулық жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Бұл вирусты жеңу оңай емес. Адамдардың өмірі мен денсаулығына нұқсан келтіретін вирус», - деп жазды қала басшысы.

Қала басшысы барша тұрғынды сақ болуға шақырды. Сондай-ақ вирусы ұжымдық иммунитет арқылы ғана жеңуге болатынын айтты.

«Сыртқа шыққан соң айналаңыздағы адамдарға қараңыз. Біреудің санитария нормаларын сақтамауы басқалардың денсаулығына, тіпті өміріне әсер етуі мүмкін. Баршаңызды санитарлық-эпидемиология талаптарын қатаң сақтауға шақырамын: маска тағып, адам көп жиналатын орындарға бармау керек.

Жыл басынан бастап вакцинация басталды. Бірінші болып вируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина, полиция қызметкерлері, мұғалімдер вакцина алды. Халықты вакциналау сәуір айының ортасынан басталады деп жоспарлап отырмыз. Вирусты ұжымдық иммунитет арқылы ғана жеңуге болады», - деді ол.

Қазір Нұр-Сұлтанда бірқатар қосымша карантиндік шектеулер қабылданды. Бұл коронавирустың таралу қаупін азайтуға, азаматтарды қорғауға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#коронавирус