Сенатта өткен парламент тыңдауы кезінде "Ана тілі туралы" арнайы заң қабылдау бастамасы көтерілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, осы уақытқа дейін әлем бойынша біраз тіл жоғалды, жоғалу алдында тұрған тілдер де аз емес. Оны ЮНЕСКО да растап отыр. Осы ұйымның болжамына сәйкес, 2100 жылға дейін әлемдегі 7000-ға жуық тілдің жартысынан астамы жойылады.
"Сондықтан Ата Заңымызға, қолданыстағы "Тілдер туралы" заңға қайшы келмейтін арнайы "Ана тілі туралы" заң қабылдау қажет", - деді Жұмағұлов.
Сондай-ақ, сенатор Білім және ғылым кодексін қабылдауға қатысты ұсынысты қолдайтынын жеткізді.
"Білім саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізіле отырып, жалпы білім беру ұйымдарында оқытылатын "қазақ тілі", "қазақ әдебиеті", "шет тілі", "мемлекеттік тілдегі әлем әдебиеті", "дүниежүзі тарихы" сияқты оқулықтар білім беру жөніндегі ұлттық бағдарламаға енгені дұрыс болар еді. Келешекте осының бәрін ескере отырып, Білім және ғылым кодексін қабылдау керек деген ұсынысты қолдаймын", - деп атап өтті Жұмағұлов.
Сенат депутаты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жайында айта келе, отбасылық құндылықтарды дамыту қажеттігін жеткізді. Себебі педофилия, суицид, қатыгездік сияқты мәселелердің көбеюі қоғамды да, жекелеген адамдарды да алаңдатып отыр.
"Ұстаз ретінде жоғарыда айтылған мәселелердің барлығын бір жүйеге келтіріп, арнайы "Отбасы институты туралы" заң қабылдау қажет деп есептеймін", - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, сенатта "Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі" тақырыбына арналған парламент тыңдауы өтті. Шараға үкімет мүшелері, ғалымдар мен сенаторлар қатысып, ұлттық құндылықтарды дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салды.