$ 444.32  473.33  4.76

«Максимум» қаржы орталығы 13 555 жобаны қаржыландырған

Елбасымыздың кәсiпкерлiктi қолдау және дамыту жөнiндегi саясатын жүзеге асыру мақсатында «Максимум» аймақтық инвестициялық орталықтары жұмыс iстей бастады. 2009 жылы өңiр басшысының қолдауымен осындай орталық Оңтүстiк Қазақстан облысында да ашылған болатын.

2009-2016 жылдар аралығында «Максимум» қаржы орталығы мен «Ырыс» ұйымы бiрлесе отырып, жалпы құны 39 741 миллион теңгенi құрайтын 13555 жобаны несиелендiрiптi. Осы жобалар аясында 36000 жаңа жұмыс орны ашылған. Есептi мерзiмде жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру үшiн жергiлiктi бюджеттен 19,5 млрд. теңге бөлiнген. Басқа да көздерден 6,2 миллиард теңге тартылыпты. Сондай-ақ, қайтарылған 14 миллиард теңге шағын және орта бизнестi қолдауға жұмсалған.

Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында 3,2 млрд. теңгеге 1242 жоба жүзеге асқан. Айта кетейiк, орталық бiрiншi кезекте көктемгi дала жұмыстарын қаржыландыруға көңiл бөлген. Осы бағытта жалпы құны 1,5 млрд. теңгенi құрайтын 793 жоба қаржыландырылыпты.

«Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы жұмысқа кiрiскелi берi мал және егiн шаруашылықтарын дамытуға барынша қолдау көрсетiп келген. Соның нәтижесiнде 6120 мал бордақылау алаңы құрылып, 93,3 мың тонна ет дайындалған. 1278 сүт фермасы ұйымдастырылып, 44,9 мың тонна сүт өндiрiлген. 65190 гектар жерге мақта егiлген. Осы жерден 173,7 мың тонна «ақ алтын» алынған. 89,7 гектар жерге 291 жылыжай орналастырылған. Жылыжайлар 7,5 мың тоннаға жуық көкөнiс берiптi. Сонымен бiрге 2038 гектар интенсивтi баудан 34,8 мың тонна өнiм алыныпты.

Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сақтау үшiн жалпы сыйымдылығы 45 мың тонналық 8 қойма салынған. Диқандар мен егiншiлерге 88 техниканы алуына қол жеткiзiлiптi.

Бұл жөнiнде облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Арман Данаев журналистерге айтып бердi. Ол сондай-ақ «Максимум» АИО арқылы жүзеге асырылған iрi жобаларды атады. Пластикалық бұйымдар және гофро-картон шығаратын компаниялардың қаржыландыру көзi – «Максимум» АИО болып табылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары