$ 494.87  520.65  4.91

Үкімет басшысы мәлімдеме жасады

"Қазақстанның ақпарат саласындағы заңнамасында телеарналардың басты қағидаты болуға тиісті "ұлттық құндылықтарды сақтау", "дәріптеу", "насихаттау" деген ұғым-түсінік жоқ", - деді Дана Нұржігіт.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин сенат депутаты Дана Нұржігіттің сауалына берген жауабында еліміздегі телевизия саласында ұлттық құндылықтар қалай дәріптеліп жатқанын сөз етті, деп хабарлайды Stan.kz. 

Сенатор өз сауалында былтыр тұсауы кесілген "ABAI TV" арнасын тілге тиек ете отырып, қазақстандық телевизияның болашағына алаңдаушылық білдіретін жеткізді. 

"Сенсация, хайп қуған кейбір арналарда ұлттық санаға соққы болатын, халықтың ар-намысына тиетін тақырыптарға әлі де ең қымбат эфир уақыты – PRIME TIME (18.00-24.00) берілетіні мен үшін түсініксіз жағдай. Көрген көз ұялып, айтқан адамның аузы былғанатын оқиғалардың жай-жапсарын "ел болып талқылайық" деген жүргізушілердің сөзінен не кейіпкерге деген жанашырлық, қоғамға айтар даналық көрген жоқпын. 

Ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар деген ұғымдарды бүгінде хабарының рейтингінен жоғары қоятын журналистке рухани құндылық пен коммерциялық сұраныстың арасындағы тепе-теңдікті сақтау оңай емес. Қоғамның дамуы, ұлттың болашағы үшін ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сүбелі сөз бен терең ойлы шығармалар маңызды десек те, қазіргі телевизияда рейтинг бойынша арнаға ақша құятын, блогерлерше айтқанда "жаға ұстатар", "астарлы ақиқат" хабарлар құнды болып тұр. Мұндайда қайтпек керек?", - делінген депутат сауалында. 

Ұлттық  құндылықтарымызды сақтау – ұлттық  қауіпсіздігімізді сақтаумен тең деген сенатор осы мәселеге көңіл бөлуді сұрады. 

"Қазақстанның ақпарат саласындағы заңнамасында телеарналардың басты қағидаты болуға тиісті "ұлттық құндылықтарды сақтау", "дәріптеу", "насихаттау" деген ұғым-түсінік жоқ".

Интернеттегі ақпарат ағынымен жарыса жүріп, төл телевизия арналарымызда қазақ әлемінің қазығын мықтап қақпасақ, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» дейтін, оның құнын білетін патриот ұрпақ өсетініне күмәнім бар. Отандық арналардың барлық меншік иелерінен эфирге шығатын кез келген контенттің түп-тамырын ұлттық құндылықтар қағидатына негіздеуді талап етпей, қазақ қоғамындағы руханият деңгейі көтерілмейді. Бұлай жалғаса берсе ұрпақ азғындайды, ұлт тозады", - деп қосты Нұржігіт.

Өз кезегінде үкімет басшысы Асқар Мамин депутаттың бұл сауалына жауап ретінде БАҚ арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған шараларды мысалға келтірді. 

"Үкімет ұлттық құндылықтарды дәріптеу, осы бағытта тұтас ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүргізіп келеді. Атап айтқанда ұлттық құндылықтар тақырыбы бойынша ақпараттық жұмыс мемлекеттік телеарналардың "Жәдігер", "Шебер", "Руханият", "Үркер", "Ұмытпаймыз" (Abai TV), "Дархан дала", "Global Art" ("Хабар 24"), "Алтыбақан", "Бір туынды тарихы" ("Хабар"), "Атакәсіп", "Қазақтың қолданбалы өнері", "Этимология образа" ("El arna"), "Qazaqlife", "Enigma of the Great Steppe", "Welcome to Kazakhstan", "The school of nomads" ("Qazaq TV"), "Күміс көмей", "Таңшолпан", "Тұлға", "Келбет", "Ғасырлар үні" (Qazaqstan) және т.б. сияқты қолданыстағы бағдарламалары шеңберінде жүргізілуде", - делінген Маминнің жауабында. 

Бұған қоса, ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі  мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде отандық телевизиялық өнімдерді оның ішінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бағдарламаларды коммерциялық телеарналардың "прайм-тайм" уақытында эфирге шығаруын қамтамасыз етуде екенін атап өтті.

"Өз кезегінде, Министрлік жыл сайын мемлекеттік тапсырмалар және мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде 40-тан астам сериалдық өнімді, 200-ден астам деректі фильмдер мен роликтерді шығаруды және орналастыруды қамтамасыз етіп келеді. Бұл сериялар әртүрлі жас санаттарына бағытталған және әртүрлі жанрларды қамтиды.

Мемлекеттік бюджетті оңтайландыру үшін 2020 жылдан бастап Министрлік шетелдік телехикаяларды сатып алуды 30 %-ға төмендетуді қамтамасыз етті. Оның орнына отандық продакшн-компаниялардың өнімдері мен қолданыстағы бағдарламалардың өндірісі ұлғайтылды", - деп қосты Мамин.

Сонымен қатар, премьер-министр сенатордың депутаттық сауалында көтерілген мәселелер отандық телевизияны дамыту бағытындағы ескерілетінін жеткізді.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары