Ақтауда ит емес, мысық емес, күркетауықты пәтерінде бағатын тұрғынға көршілері шағымданды. Пәтерден шыққан жағымсыз иіс көпқабатты үйдегі жұрттың мазасын алып отыр, деп хабарлайды Stan.kz "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Көп қабатты үйдің тұрғындары күркетауық асырап жұрттың мазасын алған көршілеріне шара қолданатын бір жауапты органды таппай отыр.
Нағыз қораға ұқсаған баспанада әр жерде қонақтаған құс пен шашылған жем-шөпті де байқауға болады. Көршілердің айтуынша, осы күркетауықтардың кесірінен үйдің кіреберісінен-ақ жағымсыз иіс мүңкіп тұрады. Тіпті, пәтерлерде жәндіктер мен тышқан қаптап кеткен көрінеді.
"Онсыз да коронавирус анау-мынау деп адамның бәрі зәресі ұшып жатқанда жас отбасылар бар олардың балалары бар солардың бәріне де зиян. Жалпы болмайды мұндай зат", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Абутәлі Айтмағанбетов.
"Күркетауық бағатын көршіміздің үйінен жағымсыз иіс шығады. Дем алу мүмкін емес. Үйімізде жәндік пен тышқан қаптап кетті. Құзырлы органдарға шағымдандық. Бірақ, әрекет жоқ", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Мария КИ.
Тұрғындар көршілері есігін ашпақ түгілі байланысқа да шықпайды деп полицияға арызданған. Құзырлы орган қызметкерлері де пәтердің есігін аша алмады.
"Бұл бойынша учаскелік инспектор шағымын қабылдап, хабарлама арқылы Ақтау қалалық әкімдігіне және СЭС-ке жолдаған. Алдағы уақытта қалалық әкімдіктен немесе СЭС-тен хабар болады", - дейді учаскелік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Еркін Елеусізов.
Ал Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасында өздеріне бақылау, қадағалау және тексеру функциясы жүктелмегенін айтады. Бұл мәселеге санитарлық эпидемиологиялық бөлім мен ветеринарлық инспекция араласу керек дейді. Ал тазалық мамандары бұл жағдайға қатысымыз жоқ деп отыр. Ветеринарлық инспекция болса өздері тексеріс жүргізе алмайтынын, тек әкімдік тарапынан комиссия құрылса іске кірісе аламыз дейді.