Италияның орталығында орын алған жойқын жер сілкінісі 159 адамның өмірін жалмады деп хабарлайды Associated Press. Құтқарушылар үйінділер астынан қайтыс болғандардың денесі әлі де шығуы мүмкін екенін айтып отыр.
Ал, жарақат алғандар саны 368 адамға жетті. Құтқарушылар мен оларға көмектесіп жүрген еріктілер қираған үйлерді әлі аршып жатыр. Табылған адамдардың 90 пайызы қайтыс болған дейді олар. Тірі адамдарды іздеуге иіссезгіш иттер мен арнайы техникалар көмекке келуде. Оқиға орнына келген Италия премьер-министрі Маттео Ренци болса зардап шеккендерге мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтты.
Жер сілкінісінен қатты зардап шеккен үш қалашық — Аматриче, Аккумоли және Пескара-дель-Тронтода баспанасыз қалғандарға арналып палаткалар құрылды. Ас-су жеткізіліп, қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр.
Естеріңізге салайық, қуаты 6 балдан асатын жерасты дүмпуі Италияда 24 тамызға қараған түні орын алған болатын. Зілзала эпицентрі Римнің солтүстік-шығысына қарай 113 шақырым қашықтықта орналасқан.