Ақтауда карантин шектеулерін бұзған караоке-бардың иесі операторға шабуыл жасады. Ол мекемені видеоға түсіріп жүрген. Оқиға қаладағы түнгі мекемелерді тексеру кезінде болған, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Зардап шеккен оператор шабуыл жасалған сәтті видеоға түсіріп үлгерген. Оның айтуынша, ер адам артынан шабуыл жасап, қымбат техникасын тартып алып, сындырған.
"Ол шынтағымен бетімнен ұрып, бейнекамераны тартып алды. Екі сағаттан кейін топ құрамында болған учаскелік инспектор қосымша топ шақырды. Бейнекамераны сол кезде қайтарды", - деді видеоға түсіруші Абай Жанысбаев.
Караоке-бар өкілінің айтуынша, тексеру кезінде олардың біреуі пердені сындырған, ал шабуыл туралы әсірелеп айтқан. Ер адам камерасы бар оператор мониторингтік топ мүшесі екенін білмеген.
"Оның камерасын алып, барға қойдым. Ешкімді ұру, соғу болған жоқ. Жай түсіндіруге болса, ұрудың не керегі бар... жала жапты", - дейді мекеме өкілі Қамбар Жариев.
Карантин режимін бұзғаны үшін караоке-барға айыппұл салынбады. Бірақ операторға қатысты іс сотта қаралады.
"Қазіргі уақытта факт бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі", - деп мәлімдеді Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.