$ 449.58  486.94  4.86

«Путинге деген жалтақ көзқарасы бар адамдар бізде де бар. Тек фамилиялар ғана бөлек» - ИК

«Билікке берілген адамдарда даму болмайды».
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Күні кеше «Ирина Кайратовна» деген атпен танылған қазақстандық топ ресейлік журналист Юрий Дудьтің «You tube» арнасына сұхбат берді.

Екі сағатқа жуық сұхбат барысында команда режиссері Қуаныш Бейсеков пен топ мүшелері Алдияр Жапарханов, Азамат Маркленов, Илья Гуменный қоғамдағы саяси мәселелерге де бей-жай қарамайтындарын айтыпты.

Өз туындылары арқылы көпшіліктің, әсіресе жастардың ықыласына бөленген команданың «вДудь» бағдарламасында айтқан кейбір ойларын оқырманға ұсынуды жөн көрік. 

«Боратты» мектеп оқушыларына көрсету керек»

Бізде, қазақтарда үлкен эго бар. Қазақтар біздің территориямыз үлкен болғандықтан, біз туралы бәрі біледі деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде біз туралы білетіндер аз. Фильмді мектеп оқушыларына көрсету керек, әрине, ондағы бала жасына келмейтін кейбір ұятты кадрлерді алып тастау керек. Сөйтіп, бүгінгі Қазақстандағы жағдай осындай екенін айту қажет.

Бұл шын мәнінде біздегі комплекске толы проблема. Фильмді көрсеңіз онда негізінен шығыс еуропа көрсетілген. Бірақ, Алматыдағы Мақатаев көшесінен төмен түссеңіз бізде де тура сол жағдайларды көресіз. Мұнда фильмдегі моральдық емес, экономикалық жағдайды айтып отырмын.

Ал, одан кейін «Бораттың» жалғасы шықты. Онда Австралияның бір жерінде қазақтың туымен жалаңаш жүреді. Бірақ, мұны қабылдай алмаймын. Өйткені ол жерде біздің туымыз бар. Егер онда тек әзіл форматында және туымыз көрсетілмеген болса, онда бәрі дұрыс болар еді. Бірақ, мұнысы шектен шығу.

«Егер мемлекет әрбір Қазақстан тұрғынына кішігірім мөлшерде ақша жұмсап, Еуропаға екі күнге шығарса керемет болар еді…»

Әлі сол ойдамын. Себебі, әлемді көру үшін, түсіну үшін…

Меніңше, Ресейде де осындай мәселе бар. Яғни, ауылдық жерлер әлі күнге «Ресей супердержава, әлемде біріншіміз, ең керемет мемлекетпіз», деп ойлайды. Әрине, Ресей артта қалған деп отырған жоқпын. Көшбасшы елдердің бірі. Бірақ, онда да популизм басым. Үлкен буынның Путинге деген жалтақ көзқарасы деген сияқты. Бізде де сондай көзқарас бар. Тек фамилиялар ғана бөлек.

«Назарбаевтан да лайық тұлғалар көп…»

Біз бұл картинаны жай ғана салдық. Сосын оны «WU KANG» деген клипімізге кіргізу керек деп шештік. Бұл «Naruto» мультфильміне қарап жасалған. Жалпы, мұндай тұлғалар бейнеленген тау Америкада бар, сосын оны Жапония өздеріне ығайлап алды. Ал, мен жапондардан алдым.

Мұнда қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек, одан кейін Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан, Әлихан Бөкейханов, Дінмұхамед Қонаевтың мүсіндері салынған.

Сондай-ақ, біз адамдар осындай ұлы тұлғаларды ұмытып кетпеуі үшін 5000 клипімізге Әлихан Бөкейханов пен Дінмұхамед Қонаевты кіріктіген болатынбыз.

Айтпақшы, осы клиптен кейін маған жастардан көптеген хабарламалар келді. «Мен клипті көрдім, менің жасым 18 де. Мен шынымен осы уақытқа дейін біздің мұндай тұлғаларымызды білмеппін. Олар туралы оқып бастадым» деген сияқты. Меніңше, бұл біздің міндетіміз.

Мүмкін, менікі бұл тұлғаларға деген жай ғана романтизация шығар. Бірақ, мәселен, Қонаев билікке келіп, 20 жыл болып, биліктен кеткен кезінде ол адамның Алматыда бір ғана қарапайым пәтері болған. Ол қазір Алматыда не бар, соның бәрінің негізін қалап кетті. 50 шақты фабрика құрды. Ол шын мәнінде өз ісіне адал болды. Және барлығын жоғары деңгейде жасады. Одан кейін бізде ондай керемет билік болған жоқ.

Бұл суретте Назарбаев жоқ. Өйткені, меніңше ол лайық емес. Біздің тарихымызда одан да жақсы адамдар бар.

«5000» клипі немесе «Қазақстандағы ең төменгі жемқорлық 5000-нан басталады»

Көптеген постсоветтік елдерде адам адамнан қорқады, Құдайдан қорықпайды. Керісінше болуы керек. Адам басқа адамнан: биліктен, президенттен, премьер министрден, КГБ-дан, КНБ емес, Құдайдан қорқуы тиіс. Сонда бәрі дұрыс болады.

«5000» клипінде Нұр-Сұлтандағы ЛРТ туралы көрсеттік. Ол жер үсті метросы. Оның құрылысы басталғанына көп уақыт болды. Өте көп ақша жұмсалды. Нәтижесінде, оның тек қана қаңқасы қалды. Ал, халық оны жемқорлық ескерткіші деп атап кетті.

Яғни, клипте ойыншық каропкада Нұр-Сұлтан ЛРТ деп жазылған. Өте әдемі қорап. Бірақ, ашылғанда тек қана негізі тұрады. Басқа ештеңе жоқ.

Бізде 6 шілде Астана күні деген мейрам бар. Бұл екіншіден Назарбаевтың туған күні. Біз оны жыл сайын атап өтеміз. Бірақ, 2020 жыл – халықтың коронавирустан жаппай қайтыс болып жатқан кезі еді. Шілде айында өлім көрсеткіші ең жоғары деңгейге жетті. Халыққа емделуге, дәрі-дәрмекке ақша жетпей жатты. Осындай кезде қатарласып астана күні тойланып, салют атылды. Бұл көпшілікті ашуландырды, мені де… Сондықтан осы детальды клипке қостық.

«Билікке берілген адамдарда даму болмайды»

Қазақстанда ұрлық көп. Бұл біздегі ең маңызды мәселе. Ұрлаған адамда «ұрлау ұят» деген моральдық көзқарас жоқ. Егер адамға ол ақша ұрлықпен оңай келсе, ол адам ешқашан дамымайды. Ол адам ешқашан кейінгі буынды ойламайды. Ол адам халықтың жағдайын ойламайды. Ондай адамдар өмірінің соңына дейін билігін сақтап қалғысы келеді. Өйткені билік олар үшін оңай ақшаның көзі. Ал, ондай адамдар билікте болса, олар жанына ешқашан шын мәніндегі көшбасшыларды жинамайды, өздеріне берілген адамдарды ғана жинайды. Мәселен, Алматының әкімі мықты саясаткер, білікті басшы болғаны үшін емес, билікке берілген адам болғаны үшін отырады. Ал, мұндай билікте даму, алға жылжу ешқашан болмайды.

«Біздегі шынайы оппозиционерлердің жартысын өлтірді, жартысын елден кетірді…»

Біздегі шынайы оппозиционерлердің жартысын өлтірді, жартысын елден кетірді. «5000» клипінде саясаткерді артынан атқан сьемка бар. Біз сол арқылы Заманбек Нұрқаділовтың өлімін көрсеттік. Ол оқиға 2005 жылдың 12 қарашасында болды. Ресми нұсқада оны өзін-өзі басынан атты делінеді. Бірақ, оның өлімі өзін-өзі атқан деуге келмейтін секілді.

Бірақ, одан кейін тағы бір саясаткер өлтірілді. Ол Қазақстандағы екінші жағдай. Одан кейін саяси белсенділік бәсеңдеді. Себебі, барлығы дауа жоқ екенін түсінді.

Қазақстан мен Ресей билігі қарапайым адамдарға қалай қарайды?

Мен геосаясатты керемет білмеймін. Бірақ, менің ойымша, Ресей өте радикалды ұстанымда. Мұндай қатаң, радикалды ұстаным кеңес одағынан қалған деп ойлаймын. Адами капитал туралы бас қатырмайды. Кеңес Одағында да солай болған. Қазір дәл сол үрдіс посткеңестік елдерде сақталып қалған.

Яғни, адам – ресурс. Мектепте оқисыз, ЖОО-ға түсесіз, одан соң бір жерде қызмет етіп, сол жерге өміріңізді арнайсыз. Сосын сізді алмастыратын бір адам келеді. Сіз жай ғана цифр боп қаласыз.

Жалпы, адам бақытты болуы керек. Бұл кез-келген адамның міндеті. Яғни, сіздің өмірлік серігіңіз және сүйікті жұмысыңыз. Бұл бақыттың негізгі элементі. Бірақ, сүйікті жұмысы мен адамын табатындар сирек.

Бізде көпшілігі орта білімнен кейін ЖОО-ға өзі қаламайтын мамандыққа түсуге міндеттейді.

Менің жағдайымда, сүйкті жұмысымды 3 курста оқуымды тастап кеткеннен кейін таптым. Біреулер 40 жасында табуы мүмкін.

Мәселен, батыста мектеп бітірген соң бір жыл тек қана әртүрлі саланы байқап көруге болады. Одан кейін оқуға түсу немесе жұмыс істеп кету өз еркіңде. ЖОО-ны міндетті түрде 18 де емес, 30 жасыңызда оқуға болады. Егер мықты сантехник болсаңыз, орта білімнің өзі сізді үлкен жетістікке жеткізеді.

Жар таңдауға қатысты да солай. Бізде қыздарға қатысты да сондай агрессивті көзқарас бар. 20-25 те тұрмысқа шығып кетпесе, психологиялық қысым басталады. Мүмкін ол адам шынымен сүйгенін жолықтырмаған болар…

kznews. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары