Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңына орай 6 мамыр күні полицей қызметкерлері мен әскерилерді қабылдап, марапаттар мен ордендер тапсырған болатын. Мерекелік шараға еліміздің әр өңірінен келген он екі полицей қызметкерлерінің ішінде жалғыз ғана нәзік жанды тәртіп сақшысы болған еді. Ол Жамбыл облысы полиция департаменті, жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Кинжеханова Диляфруз Абазовна. Skifnews.kz ақпараттық порталы атынан марапат иесін құттықтап, көкейде жүрген сауалдарымызға жауап алған едік.
- Алып жатқан марапатыңыз құтты болсын, Диляфруз ханым. Президенттен «Құрмет» грамотасын тапсырған 12 полицейдің ішінде әйел адамдардан тек сіз ғана болдыңыз. Жалпы, полицей деген сөз айтылса, көп адамдардың көз алдына форма киген ер адамның бейнесі келетіні жасырын емес. Сіз қалай ойлайсыз, бұл мамандық иелерінің ішіндегі әйел адамдардың орны мен рөлі қандай?
- Бізде, полицияда, әйел немесе ер адам деген ұғым болмайды. Егер әйел полицей үлгілі істер жасап, үлкен еңбек еткен болса, онда Ішкі істер министрлігі басқармасы міндетті түрде оны ескеріп, марапаттайды. Оның орнында ер адам да болуы мүмкін. Бізде немесе әйел адамды, немесе ер адамды ғана марапатқа ұсыну керек деген дискриминация жоқ. Бізде бәрі тең. Өйткені біз барлығымыз бірдей форма киеміз.
- Тұрғымбаев мырза өз сөзінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары мен кәмелет жасқа толмаған балалар ісімен айналысуда әйел тергеушілердің қызметін арттыру керектігін айтқан болатын. Бұған қатысты көзқарасыңыз қалай? Сіз де жұмыс процесінде бұндай жағдайлармен жиі ұшырасқан шығарсыз?
- Иә, менің бұл салада көп тәжірибем бар. Әрине, ондай қиын ситуациялар кезінде әйел маманның орны бөлек әрі өте маңызды. Өйткені, әйел адам отбасында қандай түсініспеушіліктер мен кикілжіңдер орын алатынын біледі. Және оның себептері мен салдарын да тереңірек түсінуі мүмкін. Сондықтан да бұл қызметте әйел полицейлер мен әйел тергеушілердің алатын орны ерекше.
- Өзіңіз барып көріп, 4 баланы асырап алуға шешім қабылдаған оқиға да соның бір дәлелі шығар. Қызметтік міндет барысында жүрекке қатты әсер ететін оқиғалар қаншалықты жиі болады?
-Негізі, 2019 жылы бізде, №55 мектепте «Мектепке жол» деген акция өткен еді. Мен сол білім бөлімімен бірге ұйымдастырылған сол акция комиссиясының мүшесі болдым. Акцияның үшінші күні бізге бір қария келді. Ол өзінің басынан кешіп жатқан қиын жағдайлары туралы бізге айтып берді. Комиссия мүшелері бәріміз кешке сол атаның үйіне бардық. Өз көзімізбен бәрін көрген кезде қатты қапаландық. Өйткені, үйде толығымен антисанитария, мүлде жағдай жоқ. Атаның өзі жалғызбасты, баласы жоқ, ал жоғалып кеткен келінін сол уақыттары іздестіріп жатыр екен. Кішісі 5 жаста, ал үлкені 16 жастағы төрт баланың жүздері өте солыңқы, аянышты көрінді. Сол комиссияның ішінде «Қамқоршылық бөлімі», яғни қорғаусыз қалған балалар мәселесімен айналысатын да арнайы өкіл болған еді. Олар балалардың барлығын «Балалар үйіне» тапсыру қажеттігін айтқан кезде қария жылап жіберді. Ал мен атаға көмектесемін деген уәде берген едім. Сондықтан сол жерде маңызды шешім қабылдап, балаларды және атаны өз үйіме алып кетемін деп шештім. Жағдайды қарияға түсіндіріп, «Әзірге менің үйімде тұра беріңіздер. Құжаттардың бәрін өзім реттеймін. Әрі қарай не болатынын балалардың анасы табылған соң көреміз» дедім. Оларды үйге алып кеткеннен кейін бір апта өткенде балалардың анасы табылды. Бірақ ол қайтыс болыпты. Міне, содан бері үш жыл өтті. Біз бәріміз тату-тәтті бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатырмыз.
- Сіз бір сұқбатыңызда: «Ендігі арманым - балаларды Бішкекке, анасының басына апару» деп айтқан едіңіз.
- Иә, ол рас. Бірақ сол оқиғадан кейін пандемия басталып кетті де, ол жаққа бара алмай қалдық. Қазір балалардың бәрінің құжатын дайындап қойдым. Енді оларды аналарының басына апарып, Құран оқытып қайтқым кеп жүр. Балаларым да «Мама, қашан барамыз?» деп жиі сұрайды. Құдай қаласа, пандемия бітсе ендігі мақсат сол. Жұмыстағы басшыларым да менің ойымды құптап, карантиннен соң 3-4 күн уақыт беріп, қорымның басына барып, арнайы рәсімдерін жасап қайтуға мүмкіндік жасаймыз деп отыр.
Нақтырақ айтсам, біздің үй шағын ассамблея. Мен өзім – өзбекпін, ата тәжік, балаларым орыс, татар аралас. Мен жақында ғана Қазақстан халықтары Ассамблеясының 21- сессиясында сөз сөйледім. Онда өте қызықты фактілер, мәліметтер айтылды. Оған қатысу маған ерекше әсер сыйлады. Ал Жамбыл облысы департаментінің атынан президенттен «Құрмет» орденін алу мәртебесі бұйырды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Мен Жамбыл облысы департаментінің барлық қызметкерлеріне де осындай марапат иесі болуларына тілекшімін.
- Біз де сізді Skifnews.kz ұжымының атынан алған марапатыңызбен құттықтаймыз. Және сіз 2020 жылы берген сұқбатыңызда «Менің үлкен балам 18-де. Ол қазір колледжде оқып жатыр» деп айтыпсыз.
- Қазіргі таңда менде, құдайға шүкір, 6 ұл, 3 қыз бар. Ол үлкен балам қазір колледжде оқып жатыр. Балаларымның алды оқу бітірген соң әскерге барамыз деп ниеттеніп жүр. «Неге?» деп сұрасам, «Біз де сіз сияқты форма киіп, полицей болғымыз келеді» дейді.
- Менің білуімше олар сізбен бірге рейдтерге шығып, сізге көмектеседі екен.
- Иә, бізде түнгі рейд жұмыстары жүргізіледі ғой. Түнгі он бір, он екінің кезінде шұғыл қоңырау түсіп жатады. Сол кезде балаларым да мені жалғыз жібергісі келмей, «сізбен бірге барамыз» деп, көлікке отырып алады. «Жақсы, жарайды, жүріңдер» деп алып барам сосын. Мен жұмыстарымды реттеп болғанша олар көлікте күтіп отырады. Балаларым маған ешқандай қиындық тудырған емес. Үйдегі барлық шаруаны да өздері бөлісіп алып, жасап тастайды. Біреуі тамақ істейді, біреуі үй жинайды, біреуі балаларға қарайды, біреуі сабақтарына көмектеседі. Ата да бізге қолғабыс көрсетуден шаршаған емес.
- Сіздің алған марапатыңызға отбасыңыз, балаларыңыз да қатты қуанып жатқан шығар.
- Иә, әрине. Бәрінен бұрын аналарын қатты сағынып жүр. Үйге бармағаныма бір айдың шамасы болды. Әсіресе, үш жасар кішкентай балам «мама, қашан келесіз» деп қайта-қайта хабарласады. 22 күн осында болып, 1 күн ғана үйге барып қайттым.
-Жалпы, әйелдің жаны нәзік боп келеді ғой. Аналық инстинкт деген бар. Қызмет барысында қиын жағдайларға тап болып жатқан кезде эмоцияны қалай жеңесіз?
- Мен ішкі істер органында жұмыс істеп жүргеніме 20 жылдың жүзі болды. Сондықтан эмоцияларды басқарып үйрендім. Әрине әр адамда әртүрлі мінез, бастарында әртүрлі жағдайлар болады. Сол себепті әр адаммен түрлі қарым қатынас жасауға тура келеді. Кәмелет жасқа толмаған балалар ісі бойынша бөлімшеге түскен балаға жұмсағырақ, ал қатаң шара қолдану керек адаммен қаттырақ сөйлесуге тура келеді деген тәрізді.
- Уақытыңызды бөліп, ашылып берген сұқбатыңызға көп рақмет! Жұмысыңызға тек қана табыс, отбасыңызға амандық тілейміз!