Түркияның Göknur Gıda корпорациясы Жамбыл облысында бау-бақша өсіру мен жеміс-жидек өңдеуге инвестиция салмақ. Инвестицияның көлемі – $92 млн.
Бұл жайлы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың түрік инвесторларымен кездесуде белгілі болды деп жазды qadam.asia.
Түрік компаниясы 5 мың гектарға жеміс ағашын егіп, жеміс-жидек өңдейтін зауыт салмақ. Жоба бес жылға жоспарланған. Өңірде өсірілген жеміс-жидекті инвесторлар шетелге сатуды ойлап отыр. Жоба жүзеге асырылса, 1 мың адамға жұмыс орны ашылмақ.
«Біздің компания жеміс-жидек пен көкөністі бастан-аяқ өсіріп, өңдеуді қалайды. Сондықтан заманауи агротехнологияны қолдана отырып, жергілікті фермерлерді оқытуымыз керек», — дейді корпорация директоры Осман Асланали.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, аймақта жеміс-жидек өндірісінің қалыптасуы елдегі көкөніс бағасының төмендеуіне де әсер етпек.
«Бізге Пәкістан, Ауғанстан мен Түркиядан тасымалданады. Мұның бәрі бағаның қымбаттауына әкеледі. Отандық өнім нарықты толтыра алмай отыр. Жамбыл облысының аграрлық мүмкіндігі мол. Ауыл шаруашылық саласы жергілікті экономиканың драйверіне айналу үшін қолдан келген қолдаудың бәрін көрсетеміз», — дейді облыс әкімі.
Айта кеткен жөн, Жамбыл облысында қазір 1623 гектар жерге алма ағашы егілген. Ал шие ағашының ауданы – 100 гектар.