Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының бас сүйегін елге жеткіземін деп сүйіншілеген ғалым елді дүрлікпеуге шақырды. Ғалым бұл мәселенің әлі де толық шешілмегенін және өзі де асығыс мәлімдеме жасап қойғанын мойындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институтының директоры Зиябек Қабылдинов мәселенің бәрі ресейліктерге тіреліп тұрғанын және бұл мәселе талқыланып жатқанын айтты. Сондай-ақ РФ Мәдениет министрлігі құрған арнайы комиссия құрамына шақырту алғанын, жақында баратынын мәлімдеді. Қазір кпандемияға байланысты карантин тәртібін сақтап отырғанын мәлімдеді.
«Мен жігіттермен ақылдастым. Бір жерге ақпарат шығып кетсе, ресейліктер бас тартуы мүмкін. «Әруақ үшін үндемей отыра тұрайық», деп өтінішпен шыққан. Енді біз әруақты сыйлайтын халықпыз ғой. Сенсация іздейміз деп, ертең бүлдіріп аламыз. Күтсек, күтейік. Қазір мені комиссияға шақырады деп күтіп отырмын. Бас сүйегі шекараны өткенде толық айтып беремін. Өткенде әлеуметтік желідегі постымды алып тасауға мәжбүр болдым. Енді Алла қаласа, бір ай, екі ай көлемінде шешіліп қалады. Кішкене шыдайық! Маған 60-70 журналист хабарласты, олардың барлығына жеке-жеке айттым. Осымен айналысып жүрген Ресейдегі жігіттер де айтты»,- дейді Зиябек Қабылдинов.
Айта кетейік, сәуір айының басында Зиябек Қабылдинов Facebook желісіндегі парақшасында екі тілде жазба қалдырды.
Тарихшы мәлімдемесінде «Өзім көз жеткізген соң жарияладым. Бүгіннен бастап ұлттық тарихымыздың мүлде жаңа кезеңі басталады. Ұлы ханның бас сүйегін қайтару жұмыстары бойынша Ресей Мәдениет министрлігі құрған арнайы комиссия құрамына шақырту алдым. Келістім. Бұл бастаманы Ресейдің жоғары билік өкілдері көтеріп отырғаны анық. Ресей ғалымдарымен осы жөнінде сөйлесіп, анық-қанығын білдім. Оларға «Қазақ елінен сүйінші сұрай берейін бе?» деп едім, «Әрине, болады. Бірақ қай жерде жатқанын айтпаңыз», деп хабарлады.
Алайда, арада бір күн өтпей жаңалықтың жаршысы болған ғалым Зиябек Қабылдинов жазбасын өшіріп тастады. Сондай-ақ ғалымнан бұл әрекетін түсіндіруді сұрап хабарласқан Azattyq Rýhy тілшісіне институт директоры жауап беруден бас тартқан. Көп ұзамай ғалым коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскенін айтты.
Осы жаңалықтан кейін саясаттанушы Расул Жұмалы жаңалықты естігенін, бірақ ресми ақпарат шықпаса сенбейтінін айтқан болатын. Ал, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев Хан Кененің бас сүйегіне қатысты ақпарат Зиябек Қабылдинов сияқты тарих институтының директорының аузынан шықса, сенуге болатынын айтса, ғалым Талас Омарбеков Ресей тарапы бұл қадамға екі ел арасындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында барған болуы мүмкін деген болжамын жеткізген-ді.
Еске сала кетсек, 2016 жылдың қазанында Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден Қазақстанға жеткізілді. Ол 93 жыл бойы Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамерада сақталып келді.
Халық аузында Кейкі батыр атымен танымал Нұрмағанбет Көкембайұлы – 1916 жылғы Ресей патшалығының қазақтан әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі. Ол көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған.