Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды қаласының орталық саябағында карантин нормалары өрескел бұзылғаны үшін бірқатар шенеунікті жазалауды тапсырды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Саябақ басшылығы, сондай-ақ қалалық әкімдіктің тәртіп үшін жауапты тұлғалары бұл күні азаматтардың бос уақытын қауіпсіз және санитарлық нормаларға сай өтуін қамтамасыз етпеген. Нәтижесінде 1 маусымда саябақта адамдардың шамадан тыс көп шоғырлануы орын алды. Бұл жағдайдың болуына жол берген жауапты тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Қарағанды қаласы әкімінің екі орынбасары Нұрлан Бикенов, Халел Әкімжановқа, сондай-ақ мәдениет бөлімінің басшысы Баян Нұртаеваға сөгіс жарияланды. Саябақ басшысы Мәдина Әшірова қызметінен босатылады.