03.06.2021, 11:40

Маңғыстаудағы қуаңшылық: Әкімдік проблеманы қалай шешпек?

Фото: ашық дерекөз
Өткен аптада облыс әкімдігінің ұйымастыруымен жұтаған малға азық тасу қолға алына бастады.

Соңғы жылдары Маңғыстау облысында құрғақшылық күшейіп, бұл шаруа қожалықтарына қатты әсер етіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жауын-шашының болмауы, тасымалданатын азықтың жетіспеуі, аймақтағы аптап ыстық малға күтім жасауға кері әсерін тигізіп отыр. Өткен аптада облыс әкімдігінің ұйымастыруымен жұтаған малға азық тасу қолға алына бастады. Жемшөп Қазақстанның басқа өңірлерінен әкелініп жатыр. Осы жұмыстар аясында «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік копорациясы арқылы қажетті қаражат бөлінген. Сонымен қатар, облыс әкімдігі Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарымен мал азығын жеткізу, жайылымдар мен шабындық жерлерді бөліп пайдалану туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.

Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов бастаған жұмыс тобы Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Мұғалжар, Қобда, Темір аудандарына аралап, жағдайды зерделеуде. Ал Бейнеу ауданының әкімі шаруа қожалықтарына көмек көрсету үшін Ақтөбе облысына барып, көрші аудандардың басшыларымен келісті.

Ал Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов бастаған арнайы делегация ауыл шаруашылығы мамандарымен және депутаттармен, Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровпен кездесу өткізіп, құрғақшылықтың салдарын жою үшін азық дайындауға шөп шабу, шекара маңындағы аудандарда маусымдық жайылымдарды пайдалану мәселелерін талқылаған.

Делегацияның жұмысы кезінде ауыл ақсақалы Рахым Сембіғалиев 1950-1993 жылдары Шыңғырлау совхозының шопандары екі жақты келісім аясында жайлау ретінде Жетікақ, Көлтабан, Аман, Сара елді мекендерін пайдаланғанын еске алып, бұрын да ондай тәжірибе болғанын жеткізген. Кездесу қорытындысы бойынша мынадай келісімдер жасалып, меморандум бекітілді.

- Бейнеу ауданының аумағына жататын Жетікақ жайылымдарын пайдаланатын шаруашылық иелеріне түсіністікпен қарау, жер мәселесін заңдастыру;

- Байғанин ауданында шөп шабу үшін жарамды жер анықталған жағдайда Бейнеу ауданының шабындық бригадаларына жер бөлу;

- Байғанин ауданының шаруашылықтарынан тиімді бағамен жемшөп сатып алу;

- шекара маңындағы аудандарда дала өрттерінің салдарын болдырмау, алдын алу және жою.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысында қуаңшылық белең алып, әсіресе биылғы жыл шаруаларға тым ауыр соғып отырғаны туралы хабарлаған болатынбыз.