20.09.2016, 06:37

Шымкентте ер азамат кішкентай қызды құтқарамын деп, көлік астына түсіп қайтыс болды

Шымкентте кішкентай қызды жолдан өткізіп жібермек болған ер азаматты көлік қағып кетті деп хабарлайды Otyrar.kz. Алған дене жарақаттарының салдарынан ол ауруханада көз жұмды.

Кейінірек анықталғандай, екі адамды Audi маркалы көлік жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігінде жоғары жылдамдықпен келіп қаққан екен. Марқұмның артында төрт баласы қалды. Оның туыстарының айтуынша, ер азамат баласын балабақшаға апарып, қайтар жолда апатқа ұшыраған. Кішкентай қызды ол кездейсоқ кездестіріп, жолдан өтуге көмектеспек болған екен. Көлік жақындаған сәтте марқұм оқушы қызды денесімен жауып қалыпты.

Адам қаққан көлік жүргізушісі жәбірленушілерге сол жерде көмек көрсетпек болған. Кішкентай қыз қатты қорқып қалғаны болмаса, айтарлықтай жарақат алмапты. Ал, ер азаматты жедел жәрдем ауруханаға жеткізгенімен, жансақтау бөлімінде ол өзіне келмей қайтыс болды.