"Көгілдірді" ұрып-соққандар онымен әлеуметтік желі арқылы танысып, алдап кездесуге шақырған екен. Ал, жолыққан сәтте тепкінің астына алып, қалтасын қағып кеткен деп жазады YK-news.kz.
Көп ұзамай екі күдікті қолға түскен. Күні кеше Семей қалалық №2 сотында оларға үкім шықты. Жәбірленушінің гомосексуал екенінен болса керек, сот процесі жабық режимде өтті, оған журналистер кіргізілген жоқ.
Жәбірленуші екі жігітті өзінің "ортасынан" деп ойлап, кездесуге бірден көніпті. Олар жағалауда кездесіп, өзен жағасында біраз серуендеген. Ал, көпірге келген тұста екі жігіт өзгеріп шыға келіп, оны соққыға жығыпты. Гей екенін ешкімге айтпау үшін бұзақылар 50 мың теңге талап еткен де көрінеді. Ақшаны тауып бере алмайтынына көздері жеткен соң олар ноутбукқа келіскен.
Сот айыпталушы екі жігітті 5 жылға бас бостандығынан айырды. Олардың мүліктері де тәркіленбек.