Қазақстанда 2021 жылдың бірінші тоқсанында 32,3 мың жұп некелескен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 13,5% жоғары.
Ranking.kz мәліметі бойынша, қалалықтар арасында ажырасу көрсеткіші жоғары - 3,6 мың. Қалалықтар арасында некелескендердің саны ауылдық жердегілермен салыстырғанда 2 есе жоғары. Тиісінше, ажырасу көрсеткіші де 3,6 есе көп.
Бірінші тоқсандағы көрсеткіш бойынша, некелесу бойынша үш өңір көш бастап тұр: Алматы қаласы - 4 мың, Түркістан облысы - 3,7 мың, Алматы облысы - 3,5 мың.
Сондай-ақ ажырасу көрсеткіші бойынша да Алматы қаласы алда келеді - 669. Одан кейінгі орында Алматы облысы (478 ажырасу) мен Қарағанды облысы (446 ажырасу).
Былтыр Қазақстанда некелескендердің саны - 128,8 мың. Оның ішінде 107,6 мың ер адам бұрын некелеспеген болса, 19,8 мың - бұрын ажырасқандар, 1,3 мыңы - жесір қалғандар, 162-сі отбасылық жағдайын көрсетпеген.
Әйелдерге келетін болсақ, 109,5 мыңы бұрын тұрмыс құрмағандар, 17,4 мыңы - бұрын ажырасқандар, 1,6 мыңы - жесір қалғандар, 392-сі отбасылық жағдайын көрсетпеген.
Ал, ажырасу көрсеткішіне келетін болсақ, былтыр некесі бұзылғандардың көбі 1 жылдан 4 жылға дейінгі аралықта отасқандар (14,7 мың).
5-9 жыл аралығында бірге тұрған 13,5 мың жұп ажырасқан. Ал, жылға толмай ажырасқан жұптар - 2,3 мың.