Атырауда «жаңа туған сәбиді мұздатқышқа салып өлтірді» деген айыппен сотталған дәрігерлердің ісі қайта қаралуы мүмкін. Сотталғандардың жаңа адвокаты Нұрлан Жолболовтың айтуынша, оның қолында ақ халаттылардың кінәсіздігін дәлелдейтін дерек көп. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында осы мәселеге қатысты баспасөз конференциясы өтті, деп мәлімдеді azattyq-ruhy.kz.
Баспасөз жиынында алғашқы болып сөз сөйлеген акушер-гинеколог Зоя Ан нәрестенің өлі күйінде туылғанына сенімді.
«Ұрық өлі туылған деп айтуға толық негіз бар, өйткені баланың жатыр қабырғасынан мерзімінен бұрын толық бөлінуі болған. Сонымен қатар, мәліметтер бойынша, босану қызметінің басталуымен босанғанға дейін ұрықтың қозғалуы мен жүрек соғуының болмауы байқалған, мұны босанған әйелдің өзі де растады», - деді Қазақстан акушерлері мен неонатологтары конгресі ҚҚ сарапшысы Зоя Ан.
Мамандардың келтірген деректеріне сүйенсек, аяғы ауыр келіншек Атырау қаласындағы емханалардың бірінде есепке тұрып, дәрігердің қарауында болған. Жүкітілік кезінде ол бес мәрте ультродыбыстық зерттеуден өтіп, соңғы үшеуінде жүктіліктің патологиялары байқалған екен.
«Жүктіліктің 24-25-аптасында пациент ішінің төмен жағы ауыратынына шағым жасап, жедел-жәрдем қызметін шақырған. Осылайша, бала мерзімінен бұрын - 25-26 апта аралығында ерте туылған, дене салмағы 800 граммды құрады. Сонымен қатар, шала туылған нәрестенің бауыры тиісті салмағынан 10 есеге үлкен (200 грамм) және теріс орналасқан екен. Жүрек те өз нормасынан 2-2,5 есеге үлкен болған. Бұл құрсақтан тыс өмірге сәйкес келмейді. Ұрық көптеген ақауларға, судың жетіспеушілігіне, плацента проблемаларына байланысты өмірге қабілетсіз болды және бұл ерте босанудың себебі болды», - дейді Зоя Ан.
Мамандар «сәбидің тірі туылуы мүмкін еді, бірақ мұндай потологиялармен ол анасынан ажыраған сәтте бәрібір көз жұмады» дегенді алға тартып отыр. Конференцияға онлайн қатысқан тәуелсіз сот-медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров сараптама жұмыстарының нәтижелері бір-бірімен байланыспайтындығын айтады.
«Батыс Қазақстан облысында жүргізілген сот-медициналық сараптама шала туған нәрестенің өлімі ішкі ағзалардың жетілмегендігінен туындап, тыныс алу жеткіліксіздігіне әкеп соқтырды деген қорытынды берді. Ал олардың Қарағандыдағы сарапшы әріптестері жасаған қорытынды бойынша өлім мұздатқыштағы тұйық кеңістікте орын алған. Екі қорытынды әртүрлі және екеуі де шындыққа жанаспайды», - дейді тәуелсіз сот-медициналық сарапшы, ҚР Сот сарапшыларының республикалық палатасының мүшесі Тахир Халимназаров.
Нұрлан Жолболовтың айтуынша, Атырау облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің БАҚ өкілдеріне берген ақпараттары қоғамда теріс пікір қалыптасуына ықпал екен.
«Сот өз кезегінде жасанды түрде жасалған қоғамдық пікірге қарсы келгісі келмей, барлық істі бастаған күш құрылым қызметкерлеріне тиімді үкім шығарды. Осыған орай, әділеттілікке қол жеткізу үшін біз қазір Атырау облыстық сотына апелляциялық шағымымызды жаздық. Жалпы, іс бойынша ондаған өрескел заңбұзушылықтар бар. Мысалы, Нысанбаевтан тергеудің барлық кезеңінде ешқашан жауап алынбаған, сол арқылы ол қорғалу конституциялық құқығынан айырылған», - деді Нұрлан Жолболов.
Сот үкімі шықпас бұрын әлеуметтік желілерде дәрігерлердің телефон арқылы сөйлескен аудиожазбасы тараған болатын. Алайда қорғаушы аталған аудионың монтаждалғанына сенімді.
«Адвокаттар соттың бірінші инстанциясында айыптаушы тараптан сотқа аудиожазбаның бірінші дереккөзін ұсынуды сұрады. Алайда іс жүзінде ешқандай дереккөзі болмады. Сондай-ақ, 2 жарым минутық аудионың тек 1 жарым минуты ғана ұсынылды. Яғни дәрігерлердің шын мәнісінде не туралы сөйлескені күмәнді ақпаратқа жатады. Біздің ойымызша, бұл жерде монтаж жасалған. Менің қорғауымдағы азаматтар да осыны айтып отыр. Біз бұл аудиоға сараптама жасау үшін сотқа өтініш білдірдік, бірақ ол қабылданған жоқ», - деді адвокат.
Атырау облыстық перинаталдық орталығының бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев пен орталықтың акушер-гинекологы қызметін атқарған Қайыржан Асқардың адвокаты тергеу барысында өрескел бұзушылықтар болғанын айтты.
«Біздің қолымызда сараптамалық жұмыстардың бірінде мәйіттің ауыстырылғанын дәлелдейтін деректер бар. Комиссияның жасаған бірінші сараптамасы дәрігерлердің пайдасына тиді. Өйткені, ол жерде сәбидің ауа жетіспеушілігінен қайтыс болғандығы айтылды. Ал екінші сараптамада «шақалақ тоңазытқыш камерасына салынғандықтан көз жұмды» деген мәлімет келтірілді. Алайда қорғаушы тарап эксгумация кезінде басқа мәйіттің алынғандығына сенімді. Тиісінше сараптама бөгде мәйітке жасалды», - деді Нұрлан Жолболов.
Осылайша аталған іске қатысты Атырау облыстық соты апелляциялық шағымды 21 маусым күні оффлайн режимде қарамақ. Айыпталушы тарап сотқа материалды қайта тергеу жөнінде өтініш бермек.
Еске сала кетейік, перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан 16 жылға, акушер Жәмила Құлбатырова 15 жылға бас бостандығынан айырылды.