Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем шатқалында із-түзсіз жоғалып, кейіннен денелері табылған төрт туристің өліміне қатысты алғашқы болжамдар айтылды деп хабарлайды Қазақпарат.
Құтқарушылар туристерді 28 күн бойы іздестірген. Олардың сөзінше, мәйіттердің барлығы Өгем өзенінен шыққан. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев жаяу жүріспен 2543 шақырым қаралғанын, тікұшақпен 16 090 шақырым аумақта іздестіру шаралары жүргізілгенін жеткізді.
Сонымен қатар, сүңгуірлер Өгем өзенінің бойымен 22 шақырым жерді қарап шыққан. Нәтижесінде бірінші жігіттің денесі табылған жер мен екінші туристің мәйітінің арасы 6 шақырымды құраған. Ал үшінші мен төртінші мәйіттің арасы 7 шақырым жерден асқан.
Осы орайда Ерік Сарыбаев іздестіру барысында жиырмадан астам аю көргендерін атап өтті.
«Аюдың өзіне тән қасиеті - балалары үшін өте агрессивті болатын кез бұл. Мүмкін, бұл жігіттер өзенді бойлап жүрген кезде алдарынан аю шығып қалды ма. Содан қорыққанынан суға секіріп кетті ме деген жағдайларды қарастырдық», - деді ол.
Еске салайық, 25 мамырда Түркістан облысының тауларында жеті турист жоғалғаны хабарланған еді. Олар екі топқа бөлінген. 28 мамырда үш адам тірі табылды. Олардың екеуі 1999 жылғы және біреуі - 2000. 29 мамырда құтқарушылар екі туристің мәйітін тапты және біреуі 12 маусымда өлі табылды.
Құтқарушылар туристердің соңғысын кеше, 22 маусымда тапты, іздеу 27 күнге созылған. Жоғалған жеті адамның алтауы Назарбаев Университетінің студенті екені белгілі. Аталған дерек бойынша Түркістан облысының полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр.