Өскемен қаласында үйін өртеп, өзі асылып қалмақ болған ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушыларға Башиков көшесіндегі жер үйдің өртеніп жатқандығы туралы хабар түскен.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп жеткенкенде қабырғаның ағаш конструкциялары мен жеке заттар жанып жатқан. Өрт сөндірушілер бірден іске кірісті. Жылан шарпыған аумақ 1,5 шаршы метрді құрады. Барлау барысында №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Жігер Слямов аулада асылып қалмақ болған 1985 жылғы үй иесін көріп қалды. Ол әріптестері Олжас Қапанов және Айбек Ақзаммен бірге ер адамды құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, ер адам өз үйін де өртеп жіберген. Қазіргі уақытта онымен мамандар жұмыс жүргізуде.