Танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов дүниеден озды. Ақпаратты мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі растады.
Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылында туған. Белгілі режиссер, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жорж Садуль атындағы сыйлығының және тәуелсіз "Тарлан" жүлдесінің иегері.
КазГУ-дің филология факультетінде үш курс оқып, 1965 жылы С.Нарымбетов Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының сценарий факультетіне оқуға түседі. 1974 жылы қысқаметражды "Очарование" фильмін түсірген соң, бірнеше жылдан кейін "Балалық шағымның Дон Кихоты" алғашқы толықметражды фильмін жарыққа шығарады. 1984 жылы жоғарғы режиссерлік курсты Георгий Данелияның шеберханасы бойынша тамамдайды.
Сонымен қатар Сатыбалды Нарымбетов көптеген толықметражды көркем және деректі фильмдер түсіріп, оннан астам фильмдерге сценарий жазған, бірнеше әңгімелер жинағының авторы.
Режиссердің "Жас аккордеоншының өмірбаяны" туындысы қазақ киносының алтын қорына еніп, ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болғанкөптеген халықаралық фестивальдердің жүлдегері болған ең айтулы фильм.