Оралда төрт пәтерлі үйдің шатыры өртеніп кетті. Тұрғындар үйдегі отбасылардың бірі жұбайымен сөзге келіспей шатырды өртеп жібергеніне сенімді. Олар үйді қалпына келтіру үшін көмек сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Өрт 4 шілдеде түнде Спортивная көшесінде орналасқан №5 жекеменшік үйде болған. Бір қабатты үй тұрғындарының айтуынша, төрт пәтердің біріндегі отбасы жанжалдасып, күйеуі қабырғаға бензин шашқанын айтады.
"Олар түнге дейін жүріп, ішімдік ішті. Кейін көршіміз үйдің қабырғасына бензин шашып жіберді. Мен де, ағам да мүгедекпіз. Үйдің шатыры толық жанып кетті. Төбесі құлап кете ме деп қорқамын. Адамдардан көмек сұраймыз. Тұрғын үйді қалпына келтіретін жағдайымыз жоқ", - деді үй тұрғыны Нұржамал Жалқатова.
Төтенше жағдайлар департаменті өрт жалпы ауданы 100 шаршы метрді шарпығанын айтты.
"Өрт салдарынан 60 шаршы метр аумақта жекеменшік үйдің шатыры опырылып кетті. Оқиға орнында зардап шеккен ерлі-зайыпты мен олардың қызы ауруханаға жатқызылды. Материалдар полицияға тапсырылды", - деді Орал қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Серіков.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта төрт айлық қыз облыстық балалар ауруханасында жатыр. Ол жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылған. Оның терісінің 17 пайызын күйік шалған. Сондай-ақ, 31 жастағы ер адам мен оның 32 жастағы әйелі ауруханада жатыр.
Полиция дерекке қатысты ҚР ҚК-ның 202-бабы ("Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру") бойынша соталды тергеу тағайындалғанын атап өтті.