10.07.2021, 22:28

Жарты жылда 658 шенеунік жемқорлық ісі бойынша ұсталған

Фото: ашық дереккөзі
Бас-аяғы 15 миллиард теңге шығын өтеліп, бюджетке қайтарылды.

Небәрі жарты жылда жемқорлық ісі бойынша 658 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында вице-министрлер, судьялар, әкімдер мен орынбасарлары бар.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді. Төраға Марат Ахметжановтың сөзінше, қол астындағылардың пара алуына жол берген 33 лауазымды тұлға жазаланыпты. Олардың үшеуі қызметінен кеткен.

Бас-аяғы 15 миллиард теңге шығын өтеліп, бюджетке қайтарылды. Сондай-ақ қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың арасында бизнеске негізсіз кедергі келтіргендер мен көлеңкелі экономикаға жол ашқандар да бар. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫ:

«Семей орманы қорығының бас директоры мен оның екі орынбасары басқарған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Олар орманды санитарлық тазалауға рұқсат алу үшін кәсіпкерлерден пара алу схемасын ұйымдастырған.  Сонымен бірге ерекше қорғалатын қарағай орманы заңсыз кесілген. Үш лауазымды тұлға қамауға алынып, тергелуде».