$ 494.87  520.65  4.91

565 миллион теңгенің дауы: Сәкен Майғазиев өзі жайлы видео түсірген белсендіні сотқа берді

Шағым беруші соттан Дүйсебаеваны қылмыстық жауапкершілікке тартып, екі видеоны өшіруді және әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрауды міндеттеуін сұраған.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы, әнші Сәкен Майғазиев азаматтық белсенді Аружан Дүйсебаеваны сотқа берді. Бұл туралы 13 шілде тіркелмеген «Демпартия» жетекшісі Жанболат Мамай өзінің Fасebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz. 

Майғазиев Дүйсебаеваның үстінен 30 маусымда «қорлау» бабы бойынша шағым түсірген. Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты әншінің шағымын 8 шілдеде негізді деп тауып, өндіріске алған. Яғни Майғазиев Дүйсебаеваны «көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып абыройым мен қадiр-қасиетiмді әдепсiз түрде кемсiтті» деп айыптап отыр.

Шағым беруші соттан Дүйсебаеваны жоғарыда көрсетілген бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартып, екі видеоны өшіруді және әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрауды міндеттеуін сұраған.

Айта кетсек, бірнеше ай бұрын «Демпартияның» Youtube желісіндегі ресми арнасында «Сәкен Майғазиев Шымкентте қанша ақша тонады?», «Сәкен Майғазиев пен Шымкент шенеуніктері бюджетті қалай тонап жатыр?» деген екі видео жарияланған. Видеоларда Аружан Дүйсебаева Сәкен Майғазиев басқаратын мекеменің Шымкенттегі Наурыз мейрамына жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөлгенін айтып, әншіні «жемқор» деп атаған. Дүйсебаева екі видеода да журналистер мен мемлекеттік сатып алу саласын зерттеуші мамандар келтірген деректерді негізге алған. 

14 шілде күнгі баспасөз жиынында Аружан Дүйсебаева өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізді.

«Егер Майғазиевтің шынымен ары таза болса, жемқорлыққа қатысым жоқ десе, неге халықтың алдына шығып, өзінің ұстанымын айтпайды? Мына қаржы мынаған кетті, мынаған жұмсалды деп неге түсіндірмейді. Ол неге egov сайтындағы құжаттарды жоққа шығарады? Журналистер, зерттеушілер барлығы нақты фактімен көрсетті емес пе», – дейді ол.

Ал Жанболат Мамайдың ойынша, Сәкен Майғазиевтің басқа емес, дәл Аружан Дүйсебаеваны сотқа беруінде саяси астар бар.

«Біздің пайымдауымызша, Майғазиев наурыз айында болған дау-дамайға қатысты сотқа арызданып отыр. Ол кезде журналистер Шымкент әкімдігінің Наурыз тойлауға жүздеген миллион теңге бөлгенін жазды. Арасында Майғазиевтің де фамилиясы аталды. Бұл туралы Аружан Дүйсебаева да айтқан болатын. Бірақ ондай жағдайда Майғазиев неге басқа журналистерді сотқа бермей, дәл Аружанға қарсы арыз жазды? Демек мұның астарында саяси себеп жатуы мүмкін. Шындықты айтып, митингтерге шығып жүрген қазақтың қызын қудалау үшін» деп жазды Мамай Facebook парақшасында. 

Айта кетсек, үш жарым ай бұрын мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми деректерді негізге алған белсенділер әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға арналған іс-шараларға 595 млн теңге қаржы бөлгенін анықтаған. Сол кезде бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырған еді.

Бұған қоса, осы мәселені көтерген белсенділер іс-шараларға бөлінген қаржы тым көп екендігіне және тендерді тәжірибесі жоқ компаниялардың ұтқанына баса назар аударған. Алайда Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да, Сәкен Майғазиев та бұл ақпаратты жоққа шығарған. Олар «Наурызға тек 213  млн теңге бөлінгенін, журналистер келтірген 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шараларға қарастырылғанын» айтты.

Дегенмен, мемлекеттік сатып алу сайты дерегіне қарағанда, наурыз мерекесіне орай деген атауы бар келісім-шарт сомалары 213 миллион теңгеден көп.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары