$ 448.15  483.46  4.86

Түркістан облысында еріктілер жинаған жем-шөпті жергілікті шенеуніктер Маңғыстау облысына өз атынан жібермек болған

Ал, ҚТЖ тегін береміз деген вагондары үшін ақы сұрап отыр дейді еріктілер.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Түркістан облысының еріктілері қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына жем-шөпті жөнелте алмай отыр. Өйткені, жергілікті билік өкілдері өздері кедергі болып отырған көрінеді. Бұл туралы «Литер» басылымына шымкенттік белсенді Айжан Жолдасова айтқан.

Бұған дейін Түркістан облысынан шыққан Құрмет есімді жігіттің ерлігін жұрт жарыса жазған болатын. Ол жалғыз өзі үлкен науқан ұйымдастырып, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында аштан қырылып жатқан төрт түлікті құтқарудың амалын жасаған. Құрметтің соңынан ерген ерікті азаматтар өздері шөп орып, оны пойыз бен жүк көліктеріне тиеп, батыс облыстарына қарай жөнелтіп жатқан еді.

«Мұның бәрі тегін жасалды. Құрмет жергілікті әкімдікпен жем-шөпті тегін жөнелтуге келісім жүргізді. Оның бұл қадамын «Қазақстан темір жолы» да құптап, көмектесуге уәде еткен. Оған көрші аудандардан адамдар келіп, жем-шөбін тегін берді», - дейді Айжан Жолдасова.

Бүгінде алғашқы 10 вагон Түркістан облысынан Маңғыстауға жөнелтілген. Енді екінші көмектің партиясын жіберер кезде жергілікті әкімдікпен проблема туындап отырған көрінеді.

«Арысқа келген кезде жергілікті әкімдік қызметкерлері жүктің бәрін сыртқа шығаруды талап етті, әрі қарай өзіміз Арыс әкімдігінің атынан жеткіземіз деді. Яғни, біреудің еңбегін өз атына жатыстырып алмақшы. Бұл еріктілердің шамына тиді және олар келісім бермеді. Сонда әкімдік жем-шөпті кері алып кетіңдер деп бұйырды», - дейді Аружан.

Еріктілер жиналған шөпті жүк көліктерімен Сарыағашқа қайта алып кеткен. Ал, ҚТЖ болса бұған дейін пайдаланған вагондар үшін ақы сұрап отыр екен: әр вагонның құны – 800 мың теңге. Ал, мұндай ақша еріктілерде жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары