Итті ағашқа байлап, тірідей өртеп жіберген белгісіз ер адамдардың видеосын павлодарлық полицейлер тексеріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Видеодағы адамдардың қатыгездігі Қазнет қолданушыларын шошытты. Бір минуттық роликтен итті қалай жалын шарпып, азаптанып жатқанын көруге болады. Үй жануары қашып кетпеуі үшін оны ағашқа байлап, өртеген. Кадрларда ер адамның көлеңкесі көрінеді, ол отқа бірнеше рет қандай да бір сұйықтық шашады. Тағы екі ер адамның даусы естіледі. Олар камераны жануар өлгенше өшірмейді.
Жантүршігерлік кадрлар жүктелген топта былай жазылған: "Видеоны қарамауға кеңес береміз. Біз оны қатты қысқарттық...".
Видео еліміздің қай аймағында түсірілгені белгісіз, бірақ Павлодар полициясы ол бойынша тексеру жүргізіп жатыр.
"Бұл видео павлодарлық топтарда жарияланғандықтан, дерек Павлодар полиция басқармасында тіркелді. Тексеру жүріп жатыр. Осы дерек жайлы немесе оның қайда болғанын білетін адамдардан полицияға хабарласуды немесе осында пікір жазуды сұраймыз", - деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.