18 шілдеде қазақстандық Air Astana әуекомпаниясы Анталиядан Нұр-Сұлтанға ұшатын ұшақты уақытша тоқтатты, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға әуекомпаниясының баспасөз қызметі.
Анталия – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша КС598 чартерлік рейсін орындаған Air Astana бортында қозғалыс кезінде жолаушылардың бірі – 4 жасар баланың дене қызуы жоғары екенін анықталды. Сондықтан экипаж Анталия әуежайына оралуға шешім қабылдады.
"Барлық жолаушыға уақытылы трансфер және қонақүйде тұру қарастырылған", - деп мәлімдеді компания.
Нәтижесінде рейс 19 шілде сағат 03:22-де ұшып, Нұр-Сұлтанға жергілікті уақыт бойынша сағат 10:36-да келді.
Ал бастапқыда ұшақ 18 шілде сағат 18:35-те қонуы керек еді. Осылайша, жолаушылар Нұр-Сұлтанға жоспарланған уақыттан 16 сағатқа кеш келді.
Бұған дейін осы рейстің жолаушысы қазақстандық Ирина Севостьянова ұшақтың кешігуі туралы айтқан болатын.
"Ұшаққа отырдық. Әдеттегідей бір жасқа толмаған бала көп болды. Кенет бір бала тоқтамай жылай бастады. 5, 15, 25, 45 минут жылады. Ұшақ ішінде жолсеріктер әрі-бері жүгіріп жүр. Дәрігерлер тобы келді. Содан баланың дене қызуы 40 градус екенін білдік", - деп жазды Facebook қолданушысы.
Әйелдің сөзінше, баланың анасы мен әжесі бұл жағдай баланың денсаулығы мен өміріне қауіпті болуы мүмкін екенін айтқан дәрігерлер сөзіне құлақ аспаған. Олар рейстен қалып, келесі рейспен қайтуға келіспеген.
"Жедел жәрдем бригадасы тұр. Олар баланың туыстарына жағдайды түсіндіріп, баланың дене қызуын түсіру үшін ауруханаға апару қажет екенін, баланың жағдайы жақсарған соң келесі рейспен ұшатынын түсіндірді. Алайда әйелдер шығудан бас тартты", - деді әйел оқиға салдарынан бүкіл рейс кешіккенін айтып.
Рейстің басқа жолаушысы Гайникен Хати де жағдайға қатысты наразылық білдірді.
"Нәтижесінде бүкіл рейс кешікті. Ішінде 200-ден астам адам болды. Арасында балалары барлар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да болды", - деп жазды Хати.
Ал желі қолданушылары баланың дене қызуы көтерілгеніне қарамастан, анасының ұшақтан түсуге қарсылық білдіргеніне қатысты наразылық танытты.