$ 494.87  520.65  4.91

Қасым-Жомарт Тоқаев ардагер журналисті ғасыр тойымен құттықтады

Өз кезегінде Ханымбүбі Ақжолова Мемлекет басшысының ыстық ықыласты құттықтауына ризашылығын білдіре отырып «Бір ғасыр биігінде» атты жаңа кітаптың бір данасын Президентке жолдады.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Бүгін, 23 шілдеде Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ардагер журналист Ханымбүбі Ақжолованың 100 жасқа толуына байланысты мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Алғыс хатын табыстады.

«Сіз ғибратты ғұмыр жолыңыздың бүгінгі бір ғасырлық белесіне үлкенге де, жасқа да үлгі болатын адами биік болмысыңызбен жетіп отырсыз. Отандық баспасөз саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға орасан зор еңбек сіңірдіңіз. Ел игілігі үшін атқарған жемісті жұмысыңыз үшін Сізге алғысымды білдіріп, 100 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Деніңізге саулық, әулетіңізге амандық тілеймін», – делінген Алғыс хатта.

Сонымен қатар Министр өз сөзінде мерейтой иесіне: «Сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды – қазақ журналистикасының дамуына арнадыңыз. Сондықтан Өзіңіздің төл салаңыз – баспасөз заманмен бірге өсіп-өркендеп, өз орнын жоғалтпай келеді. Мұның өзі ең алдымен Өзіңіздей ардагер-журналистер салған сара жолдың жемісті жалғасы екені даусыз. Сондықтан бүгінгі мерейтойыңыз әулетіңіздің ғана емес, біздің Ұлттық журналистиканың ортақ қуанышы», - деп атап өтті.

Өз кезегінде Ханымбүбі Ақжолова Мемлекет басшысының ыстық ықыласты құттықтауына ризашылығын білдіре отырып «Бір ғасыр биігінде» атты жаңа кітаптың бір данасын Президентке жолдады.  
Ханымбүбі Ақжолова Алматы облысында дүниеге келген. Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ардагер журналист. 

1944 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, әдебиеттанушы, профессор Мүсілім Базарбаев, атақты ғалым, жазушы-журналист Мұқан Мамажанов, жазушы Кемел Тоқаев сынды болашақ танымал тұлғалармен қатар оқып, білім алған.  

1949 жылы білім ордасын қызыл дипломмен тәмамдап, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») республикалық газетінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған. Кейіннен туған жеріне оралып, Жамбыл аудандық «Большевиктік жол» («Екпінді еңбек») газетіне редактор болып тағайындалып, қажырлы еңбек етеді. 1971 жылы зейнет жасына жетіп, «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» құрметті атағын иеленген. Алматы облысының құрметті азаматы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары