$ 445.66  474.58  4.78

Былтыр орман өрті салдарынан мемлекетке 2 млрд залал келген

Биыл жаз бастала елдің шығысы шу ете қалды. Шығыс Қазақстан облысында Риддер маңындағы орманнан өрт шығып, өрт сөндірушілерден маза кетті.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Өрт 2021 жылғы 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласының әкімшілік аумағындағы Лесхоз кентінде сағат 13.55-те орманға жайылған өрттен туындаған болатын. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетіп, 5 көшеде 31 үй, 5 жеңіл автокөлік және шаруашылық құрылыстарының 7 учаскесінде, сондай-ақ ТҚС үй-жайын от шарпыған. Өртті сөндіруге 493 жеке құрам, 69 бірлік техника, 2 тікұшақ жұмылдырылды. Өртенген үйлерде 72 адам тұрған. Орман, дала өртін болдырмаудың амалы бар ма? Өрттің алдын алу шаралары қаншалықты тиімді? Skifnews.kz порталы саралап көрді.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында биыл орман өрті 1,8 есеге артып отыр. ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде 118 орман өрті тіркелген. Бұл - 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе артық. Тілсіз жаудың салдарынан 483,53 гектар орман алқабы жойылды. Бұл бір ғана аймақтың көрсеткіші. Ал тұтас ел бойынша статистикалық мәлімет келтірер болсақ, 2020 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 102 361,67 га 701 өрт оқиғасы орын алып, өрттен келтірілген жалпы залал 2 млрд 115,5 млн теңгені құраған.

Орман өрттерінің жалпы санынан мемлекеттік орман қоры аумағында дала өрттерінің, оның ішінде ауыл шаруашылығының өртену салдарынан 92 жағдай, басқа ұйымдар мен кәсіпорындардың кінәсінен – 5, халықтың кінәсінен – 49, найзағай разрядтарынан — 303, белгіленбеген себептерден – 252 жағдай туындады. Ірі орман өрттері фактілері бойынша қызметтік тергеу қорытындылары бойынша мемлекеттік орман күзетінің 203 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 21 қызметкерге әкімшілік айыппұлдар салынды.

Араға ай салып, Қарағанды облысында дала өрті салдарынан жүздеген мал қырылып қалды. Тілсіз жаудан аймақтағы Керегетас, Ойшыбар, Қалыбай, Демеубай, Сарысай, Қызылсай, Ермек және басқалар ауылдар зардап шеккен. Қарағанды облысының ТЖД-нің мәліметі бойынша, 4 шілдеде Қарағанды облысы аумағында 12 табиғи өрт ошағы бақылауға алынған. Оның ішінде Ұлытау ауданының аумағында екі өрт ошағы және алдын ала жалпы ауданы 263 гектар болатын 10 өрт шыққан орын анықталған.

Жалпы, Қазақстанның орман алқаптарында өрт қаупі бар маусым әр жыл сайын сәуір айында оңтүстік өңірлерден басталып, қарашаға дейін созылады. Осыған байланысты Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпі мол маусымға дайындық бойынша бұйрық шығарады.

Аталмыш құжатқа сәйкес, биыл да «Қазавиаорманқорғау» РМҚК, табиғатты қорғау мекемелері, республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығы, Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығы, «Жасыл Аймақ» РМК мемлекеттік орман қоры аумағында және облыс әкімдіктерінің орман мекемелерінде өрт қауіпі бар маусымға дайындық жүргізілді және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігімен орман өрттерімен күрес бойынша өзара іс жоспары әзірленді. Алайда, апат айтып келмейді. Өрт сөндіру қызметкерлері қыстай пештен шыққан өртпен алысса, жаз шыға далалы, орманды жердегі өртті ауыздықтап әлекке түседі. Жоғарыда аталған дайындықтың арқасында шығыс өңірдегі өрт те тәулікке жетпей сөндірілді. Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері табиғатта отқа аса сақтықпен қарау керектігін ескертеді. Мүмкін болса, от жақпауға кеңес береді. Айта кетерлігі, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Қызыл жалынмен күн мен түнге, жыл мезгіліне қарамай, аянбай белдесетін күрескерлер қашанда құрметке лайық.  Тамшы су ішпей, нәр татпай, ұйқы көрмей жалынды ауыздықтауға атсалысқан өрт сөндірушілердің апат арынын тартқан соң, жер талғамай тұрған жерлеріне қалжырап құлай кеткені бейнеленген видео Қазнет қолданушыларын сүйсінткен еді. Расымен де, өрт сөндірушілердің мойнында адам тағдыры ғана емес, жер-жаһанның флорасы мен фаунасын қоса қорғау деген жауапты жүк тұрғанын естен шығармаған ләзім.

Айсұлу МАМАНҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары