$ 494.87  520.65  4.91

Сүйегі шыққан сиыр, іші бауырына жабысқан жылқы, картонды талғажау еткен түйе

Маусым шыға бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Маңғыстау, Қызылорда өңірлеріндегі қуаңшылық салдарынан төрт түлікке қарап отырған шаруалардың жанайқайы біртіндеп тарай бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Маусым шыға бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Маңғыстау, Қызылорда өңірлеріндегі қуаңшылық салдарынан төрт түлікке қарап отырған шаруалардың жанайқайы біртіндеп тарай бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Маңғыстаудағы қуаңшылықтан ресми дерек бойынша бүгінге дейін 1159 мал басы қырылған. Осындай құрғақшылықтың боларын сезген малшылар сәуірден бастап дабыл қақты. Бірақ үкіметтік комиссия өңірге маусым айында ғана келген. Маңғыстаудағы бес ауданды аралап, шаруалардың жайын, төрт-түліктің күйін көрсе де, хаттама толтырып кетумен ғана шектелді. Ал, шаруаларға өз бетінше тыраштануға тура келген. 

Жалпы, соңғы жылдары шөлейтті белдеуде орналасқан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы ахуал тіптен күрделеніп барады. Өңірлерде күшейген құрғақшылық шаруа қожалықтарына салмақ түсіруде. Жауын-шашының болмауы, тасымалданатын азықтың жетіспеуі, аймақтағы аптап ыстық малға күтім жасауға кері әсерін тигізіп отыр. Өріске шөп пен су іздеп шыққан жылқылар шілденің шіліңгір ыстығында жерден жейтін қылтанақ таппай, жапан далада аштан қырылып жатыр. Кейбір тұрғындар жерде жатқан жылқыларға қолмен су тасып әлек. Көктемде жаңбыр жаумаған соң, жерге шөп шықпаған. Құдықтағы жерасты суы да тартыла бастаған. 

Биыл елдегі тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға, экологиялық ахуал қосылып, бірқатар өңірді қуаңшылық қысты. Маңғыстау мен Қызылорда облысынан бөлек, құрғақшылықтың географиясына Жамбыл облысы да енді. Асып-тасып ағып жататын Шу өзені биыл мүлдем шөгіп, жайылым мен шабындықтарға су жетпеді. Көкорай шалғын жерлер қу тақырға айналған. Ал көрші облыстардан тасымалданатын жем-шөп құны 4-5 есе қымбатқа түсуде. 

Жем-шөптен қысылған аймақтарға биліктен бұрын халық жанашырлық танытуда. «Төрт түлікті аштықтан аман сақтап қалу үшін баршамыз түгел жұмылайық!» деген ұранмен оңтүстік жұрты әлеуметтік желі арқылы елді шөп оруға шақырып, қуаңшылыққа ұшыраған өңірлерге қол ұшын созуға үндеу жариялады. Онан бөлек, бастамашыл топтың есепшотына көмек ретінде ақша аударып жатқандар да баршылық.

Экология тақырыбын тереңінен саралап жүрген белгілі журналист Айткүл Шалғынбаева мемлекеттен пәрменді қолдау болмаса, ата-кәсіп құрдымға кетеді деп отыр.

«Бұл қуаңшылықтың арты қазақша айтқанда жұт қой бұл. Құдай сақтасын, малдың өлім-жітімі көбейсе, малға жанын байлап отырған қазақ зардап шегеді. Әр аудан өз бетінше қарекет жасап жатыр. Бірақ, ол мәселені шешпейді. Үкіметтік деңгейде, билік бүкіл ресурстарын қосып, ғылымы бар, мамандары бар бүгіннен бастамаса, біз кеш қаламыз деп ойлаймын», - дейді ол. 

Шаруалар дабылына жауап ретінде төмен бағада жем-шөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттің есебінен 204 миллион теңге бөлу жоспарланды. Оның 150 миллион теңгесі кәсіпкерлерге шөп шауып әкелу үшін несие ретінде үлестірілді де, қалған 54 миллион теңгеге 637 тонна арпа сатып әкелінген. Қосымша 563 тонна енді тағы келеді. Облыс бюджетінен арзан жем-шөп әкелуге бөлінген қаражат пен мал азығының көлемі осындай. Ал жуырда өңірге келген Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев қордан 1,9 млрд теңге көмек барын айтып кетті.

Маңғыстауда малы қырылған шаруалар өңірге премьер-министрдің келуін талап етті. Себебі, төрт түлігінен айырылып жатқан ағайынға еріктілерден өзге көмектесіп жатқан ешкім жоқ. Айтуларынша, биыл Маңғыстауда дені дұрыс сақман да өтпеген. Жұт болып, үкіметтен бөлінген азғантай қаржының өзі шаруаның қолына дұрыс жетпейді екен. Ал Нұр-Сұлтаннан барған Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері нақты ешнәрсені шешпеген. Енді малы қырылған маңғыстаулықтар өңірге премьер-министр келуін талап етеді. Шаруалардың соңғы үміті Асқар Маминде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені тікелей бақылауына алып, әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбағанын жеткізді. Мемлекет басшысы жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмағанын айтты. 

«Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда», - деді Тоқаев.

Президент іле Ауыл шаруашылығы министрін орнынан босатты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары