Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы Жолдауында атап айтқан болатын. Ал аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлауды Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы Жолдауында алғаш рет ұсынғаны белгілі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
25 шілдеде елімізде алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өтті. Сол күні таңертеңгі сағат 7.00-де Қазақстанның 14 өңірінде 1 847 сайлау учаскесі ашылды. Ресми мәлімет бойынша, елімізде 2 346 әкім бар, 25 шілдеде солардың ішіндегі 730-ы тіке дауыс беру арқылы сайланды. Жыл соңына дейін тағы 45 әкім сайлануы тиіс.
Ресми дерек. Аймақтық сайлау комиссияларының ақпараты бойынша, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдардың әкімдерін сайлауға 2297 үміткер тіркелді. Республика бойынша сайлауға қатысу үшін жалпы 2582 адам өз кандидатурасын ұсынған. Еліміздегі 6 саяси партия өз кандидаттарын ұсынды, олардың саны 878 адам. Ал 1419 үміткер өзін-өзі ұсынғандар. Гендерлік құрамы бойынша ер-азаматтар – 1 839, әйелдер – 458 адам. Ел тарихында әкімдер сайлауы алғаш рет 14 өңірде бірдей өтті.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, 25 жасқа толған кез келген сотталмаған азамат ауыл әкімі болып сайлана алады. Бірақ ол мемлекеттік қызметте кем дегенде екі жыл немесе қоғамдық ұйымды кемінде 2 жыл басқарған адам болуы керек. Одан бөлек, жоғары білімі болуы – басты шарттардың бірі.
Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин аталмыш саяси науқанның стратегиялық маңыздылығына айғақ болатын бірнеше жайтты атады.
«Біріншіден, бұл сайлау жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі институционалдық өзгерістерді бастап берді. Олар келешекте мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасын байыппен айқындайтын сапалы жаңа ортаның негізін қалайды. Екіншіден, бейбіт жиындар туралы жаңа заңды қабылдаумен, сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманы жетілдірумен қатар, әкімдердің тікелей сайланбалылығын енгізу қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен саяси белсенділігін арттыруға ықпал етеді», – деді Қарин.
Бір айта кетерлігі, елімізде бұған дейін әкімді халық тікелей дауыс беру арқылы бір-ақ рет сайлаған.
1998 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жолдауында әкімдерді халық тікелей дауыс беру арқылы сайлау керек деген бастама көтереді. Бір жылдан кейін Назарбаевтың туған ауылы – Шамалған әкімін «халық тікелей сайлады» деп хабарланған. Билік «бұл тәжірибе сәтті болса, әкімдер жаппай сайланады» деп уәде берген болатын. Алайда бір жыл өтпей-ақ Нұрсұлтан Назарбаев облыс, аудан әкімдерін бұрынғыша өзі тағайындайтынын, ал ауыл әкімдерін аудан мәслихаты сайлайтынын жариялады.
Ал,саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстан ауыл әкімдерін сайлауды бірінші болып қолға алған.
«Бұл тікелей президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның саяси реформасымен іске асып жатқан, елімізде демократиялық басқару принциптерін орнықтыратын тарихи қадам. Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстан ауыл әкімдерін сайлауды бірінші болып қолға алды. Мемлекет, қоғам үшін тәжірибе, сын сағат болатын маңызды саяси процесс», – дейді саясаттанушы.
Сарапшылардың дені ауылдық округ әкімдерін сайлау – демократияны күшейтудің және жергілікті өзі-өзі басқару жүйесін жетілдірудің бір бағыты, дұрыс қадам деп есептейді. Өйткені, белгілі бір жерді басқаратын адамды халықтың өзіне сайлауға мүмкіндік бермеу – қиянат.
Әзірге ауыл әкімдерінің бір парасын сайлап алдық. Бұл қадамның нәтижесі бірер жылда байқалып та қалар.