$ 446.49  475.38  4.79

Бейбіт күннің батыры – Құрмет

Соңғы бірер айда 24 жастағы Құрмет Талапқазының есімі қазақ даласына кең жайылды. Себеп те жоқ емес. Жазып жатқан дипломдық жұмысын ысырып қойып, жұтаған елге көмекке ұмтылған әрекеті басында миы, жүрегінде оты бар қазақтың бәрін сүйсінтті. Жас та болса, бас болып, көзсіз ерлік қылған ол қуаңшылық қысқан Маңғыстау жұртшылығына шөп шабуға кіріскен.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Соңғы бірер айда 24 жастағы Құрмет Талапқазының есімі қазақ даласына кең жайылды. Себеп те жоқ емес. Жазып жатқан дипломдық жұмысын ысырып қойып, жұтаған елге көмекке ұмтылған әрекеті басында миы, жүрегінде оты бар қазақтың бәрін сүйсінтті. Жас та болса, бас болып, көзсіз ерлік қылған ол қуаңшылық қысқан Маңғыстау жұртшылығына шөп шабуға кіріскен. 

Құрмет Талапқазы Шымкентте саудамен айналысады. Аштан қырылған мал туралы жаңалық ауыр тигенін айтқан азамат бірден іске кірісуді ұйғарыпты. Достары мен еріктілерді жинап, шөп шабуды бастап кеткен. Қаражат жинауды да қолға алған, деп жазады Skifnews.kz.
 
«Халқымның жағдайы нашар, әсіресе, шағын шаруашылықпен айналысатындарға қиын заман туды, соған құлазып жүрмін. Көмек бастап кеткеніме қуанамын, әрине, бірақ бұл мақтану үшін емес, қуанудың орнына іске кірісу керек, жұмыс көп. Ата-әжелер көзіне жас алып, алғысын жаудырып жатыр, батасын берді. Бірақ рақметін күтпеймін, әрбір қазақ, өз елінің азаматы менің ісімді жасар еді. Қазір бәрін жиналып, көмектесуге шақырамын», - деп мәлімдеді ол.

Айтуынша, күннен күнге көмек қолын созып жатқандар саны артып келеді. Құрмет Талапқазының жанында қазір арқау болар 50-100 адамдай бар. Барлығы бірге осы шөп мәселесін шешіп жүр. 

«Қазақстан бойынша жалпы 300-400 адам жұмыс істеп жатыр. Әр ауылдан 30-40 адамнан. Барлығын өзім қадағалаймын, бірге істеймін. 2 сағатқа келіп көмектесіп кететіндер де бар, оның өзі жәрдем», - дейді жігіт. 

Алайда, Түркістан облысында шөп орып, батыс өңірге жөнелтпекші болған еріктілер кедергіге тап болғанын да жасырмайды. Себебі, тасымалдаушы компания мал азығын тиейтін әр вагонға 500 мың теңге төлеңдер деген талап қойған. Одан қалса, «теміржол бойында тұрғаны үшін күніне 100 мың теңгеден бересіңдер», деп доқ көрсеткен. Соның салдарынан шөп тиелген 5 вагон жіпсіз байланып, тағы сонша шөп шойынжол бойында біраз жатып қалған. Жұт жайлаған өңірге көмек көрсетпек болған белсенді азаматтардың тасымалдауға төлейтін қаржысы жоқ.

Кейін еріктілердің үндеуінен соң «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Түркістан облысы еріктілері жиған шөпті қуаңшылық жайлаған Маңғыстау облысына тегін тасымалдауға уәде берді. 

Маңғыстаудағы малдың қырылуы 11 жастағы Диастың да жанына батқан. Кентаулық бала қуаңшылық кезінде қиналып жатқан малшыларға көмектесуді сұрап видео жариялаған. Видеодағы бала еліміздің қуаңшылық орнаған аймақтарындағы малдың жаппай қырылуы өзін бей-жай қалдырмағанын айтады.

«Жем-шөп жетпей, малдардың арықтап, қырылып жатқанын көріп, оларға көмектескім келді. Сондықтан Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қиналып жүрген малшыларға өзімнің жиған-тергенімді жолдаймын деп шештім. Бұл – әр қазақстандықтың жауапкершілігі», – дейді жеткіншек.

Бір ғана азаматтың игі ісі тұтас қазақты біріктіріп, негізі күшті апат жайлаған аймақтардағы елдің жайына жұмылдырды. Бұл жағдай «жас келсе, іске» екенін, «бірлік түбі - тірлік» екенін тағы бір дәлелдеді.

Айта кетейік, Маңғыстаудағы қуаңшылықпен күресу үшін қазақстандықтарға үндеу тастап, Түркістан облысында шөп орып жүрген ерікті Құрмет Талапқазы «Халық құрметі» марапатына ие болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары