Қазақстанда жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі ойдағылай шешіліп келеді. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Биылғы жаз ерекше құрғақ болды. Құрғақшылықтың салдарын жою үшін жедел шаралар қабылданды. Зардап шеккен өңірлерді жеп-шөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб жұмыс істеп жатыр", - деді Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша үкімет резервінен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жеп-шөп сатып алу үшін 3,6 миллиард теңге бөлінді.
"Бұдан бөлек, жем-шөп дайындауға қосымша 43,1 мың тонна арзан дизель отыны бөлінді. Солтүстік өңірлерден жем-шөп жеткізілді. Батыс Қазақстанда осы мәселені шешуге волонтерлер атсалысуда", - деп атап өтті Мамин. Осы орайда премьер 23 тамыздан бастап кейбір жем түрлерін елден шығаруға тыйым салынатынын еске салды. Ал 1 қыркүйектен бастап мал жемін экспорттауға квота енгізіледі.
"Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі тұрақталды", — деді Мамин.