$ 494.87  520.65  4.91

«Амангелді Сейітхановқа кейінгі жылдары футбол чемпионатынан репортаж жүргізуге рұқсат бермей қойды» - әріптесі

Журналист Мақсат Садық марқұм әріптесі Амангелді Сейітханов туралы естеліктерді тізіп берді.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Журналист Мақсат Садық марқұм әріптесі Амангелді Сейітханов туралы естеліктерді тізіп берді. Әріптесі марқұмның өмірде орындалмаған өкініштері туралы айтты. Өз ойын айта келе «Тұмар» сыйлығының бір номинациясын Амангелді Сейітхановтың атына беруді ұсынды.  

«Жақсы Азамат туралы бірер күнде қазақтың сөзінде бар мейірімді мадақтар айтылды. Бүгін жамбасы жерге тиген Амангелді інім жақсы досы еді. Бізбен сәлемі түзу болатын. Амангелді бауырымыздың бұдан он-он бес жыл бұрын тікелей эфирдегі оймақтай орғып түскен ойлы сөздерін көрермендері қаз-қалпында осы күндері әлемжеліде көптеп жарияланды. Журналистің мұндай нағыз жанкүйерлері болатындығын алғаш көрдік. «Аңыз адам. Тамаша талант. Керемет комментатор, легенда» деген теңеулер ағыл-тегіл жазылды. «Отызында орда бұзып, ел аузына ілінген Амангелді бәріміз секілді еңбегіне сай сый-марапат күтті», – деп жазды әріптесі. 

Айтуынша, марқұм өз еңбегіне сай марапатқа жете алмаған. Бірнеше рет кандидатурасын ұсынғанымен, «Дарын» сыйлығын ала алмағаны өкінішпен жеткізді. 

«2000 жылдары Алматыдан Астанаға арнайы келгенде сәлем беріп шыққан. Ерекше көңілді, жайдары күлкісімен:

«Аға, бұл жолы сізге салмақ салмаймын. Ер кезегі үшке дейін деп «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығына тағы түстім. Соған арнайы шақырды. Биыл сыйлықты шаппай аласың деді» деп қуанышымен бөліскен.

Апта өтіп Комиссияның мүшесі ретінде отырысқа қатысқанымда Амангелдінің кандидатурасы аталмады. Өзі ескерткен соң әліптің артын бақтым. Сосын шыдамай: «Сейітханов лайықты. Болмаса осы номинацияға екі сыйлық тағайындайық» дегем. Ешкім үндемеді. Жалғыздың үні шықпас», – деп жазды Facebook парақшасында.

Алдында журналистерге Президент сыйлығы комиссиясының шешіміне келіспей, маңғыстаулық мықты ақын, телевизия тарланын атағанымда депутат классик жазушы ағамыз: «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» деп зекіп тастаған. Содан беріде жюрилікке шақырмады. Талантты бауырымызды Мұқағали да бағаланбаған деп жұбатқан болдық», – деді Мақсат Садық. 

Журналист марқұмның өміріндегі ең үлкен өкінішін жеткізді. Спорт комментаторына соңғы уақытта футбол чемпионаттарынан репортаж жүргізуге рұқсат берілмеген. Бұл журналиске соққы болды. 

«Ең өкініштісі, Амангелді Сейітхановқа кейінгі жылдары футбол чемпионаттарынан репортаж жүргізуге рұқсат берілмеуі. Футбол комментаторларына көп сындар айтылды, айтылып та жүр. Фейсбукте сыншылар жетерлік. Солардың жазбаларынан «Сейітхановты сапқа қайтарыңдар» деген ұсынысты көзіміз шалмады. Шешім қабылдайтын жиындарда Амангелдіге микрофонды қайтарыңыздар дегенді талай айттым. Айта-айта дегендей бір кездері ел журналистикасы алға озып кетіп, біз ескі сүрлеуде қалып қойған шығармыз деген күмәнді ой келгенін жасырмаймын.

Жыл жарым бұрын Аманға телефон соқтым. Ұзағырақ сөйлестік. Сосын бүйімтайымды сыбырладым: «Сен жүргізбеген соң футболды Ресей телеарналарынан қараймын. Айлық жалақысы үш миллион теңге Черданцев сенің шәкіртіңдей. Жоғарғыларға сені қайтарыңдар деп хат жазсам, қызметіңе зияным тимей ме?» деп сұрадым. Көп ойланбады: «Қажеті жоқ аға. Бастықтар түсінбей қалады» деген. Содан хабарласпаппыз.

Кешелі бері қалың жұрт, аузы киелі сөз ұстарлар, тіптен БАҚ басшылары мен олардың төбесінен қарайтындар Амангелді Сейітхановтың мезгілсіз қайтыс болуына орай білдірген көңілдерінде ғаламат спорт комментаторынан айырылып қалғанымызды өкінішпен жеткізіп жатыр...

Аман бауырымыздың мінезі қиын еді десеңіз қисынға келмейді. Бізді үш жылға сыйғызбаған «Хабарда» тапжылмастан табаны күректей ширек ғасыр қызмет етті. Ол туралы деректі фильмде әріптестері жандарындағы аңыз адамнан айрылғандарына күңіреніп сөйлеп жаты», – деп жазды ол.

Мақсат Садық сөз соңында «Тұмар» сыйлығының бір жүлдесін амангелдің Сейітхановтың атына беруді ұсынды. 

«Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?». Бұл Абайдың сөзі. Абай атамызға арқа сүйеп, «Хабарлықтарға» базына білдіреміз. Ақпарат министрлігің телевизия жеңімпаздарына тағайындалатын «Тұмар» сыйлығының бір жүлдесін спорт тақырыбына арнап, оны «Амангелді Сейітханов атындағы» номинация етіп бекітсе деген тілегіміз бар. Еститін билігіміз, көп сұраса, қолдайтынын көріп жүрміз. Бұл ниетімізге мұндағы қалың жұрт не дейді екен? Егер толық қолдау болса, ұсынысты ресми түрде ақпарат аинистрлігі мен «Хабар» агенттігіне жолдаймын», – деп жазды желіде. 

Журналистер мен желі қолданушылары оның сөзін қолдап шықты. 

«Бәрі дұрыс, бәрі рас, Маха», – деп жазды Серік Жанболат. 

«Орынды ұсыныс», – деп жазды Есболат Айдабосын. 

«Қолдаймыз», – деп жазды жазушы Роза Мұқанова.

«Өкінішті. Іштегісін толық шығара алмай кетті ғой.… Жаны жәннатта болсын. Марапат биліктен емес, қоғамдық болуы керек», – деді Бибігүл Жексенбай. 

Айта кетейік, Амангелді Сейітханов Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті. 

2000 жылы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары