Ақтөбелік аты-жөнін «қызыл» мәртебесі бар адамдар тізімінен көріп шағымданды.
Ол мүлде коронавирус инфекциясын жұқтырмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысы бойынша мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр. 37 жастағы қала тұрғыны Ashyq қосымшасындағы мәртебесі «қызыл» екенін біліп, шағым айтты. Бұл ақпаратты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексерді.
«№4 Ақтөбе қалалық емханасында мұндай жағдай тіркелді. Анализ алған кезде мәліметтер қате толтырылған. Біз бірден хабарласып, қателік түзетілді. Көп уақыт қажет емес, бір күнде барлығын қалпына келтіреміз. Шынына келгенде адам қазір көп, жүктеме еселенді. Адами фактор болып тұр», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Райхан Қойшанова.