$ 494.87  520.65  4.91

«Көпшілігіміз үшін резерв әлеуметтік лифтіге айналды» - Максим Споткай

Президенттік жастар кадрлық резервіне таңдап алған 300 адамның бірі - Максим Споткай. Ол бүгінде Сенат аппараты жетекшісінің орынбасары болып қызмет етеді.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

2019 жыл -  Жастар жылы болып ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауындағы ұсынысынан кейін жарияланғаны белгілі.  Жастар жылында жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың өмірден өз орнын тауып, еңбек жолында ілгерілеуіне жағдай жасау үшін ілкімді істер қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік басқару жүйесінде де ерекше назарға алынып, ел ісіне араласатын жастарды електен өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Президенттің кадрлық резерві жасақталып, 300 жас маман іріктелді.

Кадрлық резерв құрамына кіруге 13 мың адамнан өтінім келген. Оның ішінде қазір Әзірбайжанда, Ұлыбританияда, Германияда, Ресейде, Түркияда және Францияда тұратын және жұмыс істейтін қазақстандықтар да болды. 

Финалдық кезеңде үміткердің мемлекеттік қызметте, жергілікті атқарушы органдарда, ұлттық компаниялар мен холдингтерде жоғары лауазымға ие болуға қаншалықты дайын екендігі қаралды. Сарапшылар қатысушылардың құзыреттілігін және олар жұмыс істейтін саланың қажеттілігін терең бағалады.

Ұлттық комиссия Президенттік жастар кадрлық резервіне таңдап алған 300 адамның  102-сі жеке сектор өкілі, 98-і квазимемлекеттік секторда және 96-сы мемлекеттік қызметшілер қатарына енді. Олардың арасында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының көшбасшысы Максим Споткай да бар еді. Максим бүгінде Сенат аппараты жетекшісінің орынбасары болып қызмет етеді. 

Омбы мемлекеттік техникалық университетін бітірген жас маман бүгінге дейін  «Nur Otan» ХДП Ақсу қалалық филиалының жастармен жұмыс жөніндегі маманы, «Джей Энд Эс» халықаралық компаниясының қазақ тілі оқытушысы,  «ZamandaS» Омбы қазақ мәдени-ағарту газетінің бас редакторы, «Мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының бас маманы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы  «Қоғамдық келісім» РММ-нің жетекшісі, бас сарапшысы, «Нұр-Медиа» ЖШС Медиа редакциясының басшысы, бас директорының орынбасары, «Nur Otan» партиясы Орталық аппараты Баспасөз қызметінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының Президентіне үміткер Қ.Тоқаевты қолдау Республикалық қоғамдық штабы Баспасөз қызметінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет істеген. 

«Президенттік кадрлар резервін әр жас өзінше пайдаланатын ерекше мүмкіндік ретінде қарастыру керек. ПЖКР-де өте маңызды таңдау болды, бұл өте жоғары мәртебе. Өз салаларында оң өзгерістердің агентіне айналған 300 жас шын мәнінде лайықты іріктелді деп санаймын. Көптеген балалар ПЖКР-іне кіргеннен кейін алғаш рет Мемлекеттік қызметке түсті. Мемлекеттік қызмет үшін жаңа толқын пайда болды. Сондықтан, бұл оң бағыттағы  жалпыұлттық жоба дер едім. Біздің көпшілігіміз үшін резерв әлеуметтік лифтіге айналды», - дейді ол.

Жас резервші алдағы уақытта қазақстандықтардың өміріне оң ықпал ететін бастамаларды іске асырғысы келетінін айтады.

«Мен өзім үшін жоспарлы түрде баратын бір мақсатты айқындадым: адамдар үшін пайдалы нәрсе жасау, біздің азаматтар үшін оң нәтижеге әкелетін жобаларды іске асыру. Бұл кез келген мемлекеттік қызметшінің миссиясы болуы керек. Мен азаматтарымыздың өміріне оң ықпал ететін бастамаларды іске асырғым келеді. Сондықтан, жұмыс орны мен атқаратын қызметіне қарамастан, кез келген мемлекеттік қызметші осыған ұмтылуы тиіс. Қалай болғанда да, мен бұған ұмтыламын және өз миссиямды дәл осылай көремін», - дейді ол.

Мемлекеттік қызметті реформалау тұрақты процесс болуға тиіс екенін де айтып қалды. 

«Қай елде, қай саалада болмасын, мінсіз жүйе жоқ. Оның ішінде, мемлекеттік қызметте белгілі бір мәселелердің бары да кедергі. Өткен жылдың басында ҚР Президенті мемлекеттік аппаратты реформалау жөніндегі міндеттерді белгіледі. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынды, Мемлекеттік қызметті реформалау тұрақты процесс болуға тиіс, өйткені заман өзгеруде, мемлекеттік қызметшілердің алдында тұрған міндеттер мен мән-жайлар өзгеруде. Сондықтан 30 жыл бұрын болған және бүгінде бар мемлекеттік қызметшінің идеалы- екі түрлі ұғым. Мемлекеттік қызметшілердің санасында, олардың мінез-құлық моделінде, алдарында тұрған міндеттерді іске асыру процесінде түзетулер енгізу қажет. Осы ретте, ПЖKР құру - бұл реформаның маңызды блоктарының бірі», - дейді Споткай.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Президент жанындағы жастар кадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссия резервке іріктеу тәртібін және оны өткізу жоспарын бекітті. 1 қыркүйектен бастап жаңа іріктеу басталады. Мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелетін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары